Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 22 °С
Алматы: 22 °С
USD 327.42 EUR 383.51
RUB 5.29 CNY 51.26
Жаңалықтар

Бейжің Олимпиадасында топ жаруға бар күшімді саламын - фристайлшы Аяулым Әмренова

2018 жылғы 13 ақпан 21:00 1285
Бөлісіңіз:
 Бейжің Олимпиадасында топ жаруға бар күшімді саламын - фристайлшы Аяулым Әмренова

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореядағы Қазақстан баспасөз орталығында фристайлшы Аяулым Әмренова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп болашақ арманы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Буэнос-Айрес-2018: Олимпиада ойындарының медалі таныстырылды

Аяулым Әмренова Пхенчханда өткен Олимпиада ойындарында жүлделі орындарға қол жеткізе алмаған болатын. Алайда, 16 жастағы қазақ қызы болашағының алда екенін айтты.

- Бұл Олимпиада ойынында саған не жетіспеді деп ойлайсың?

- Мен Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысып отырмын. Сондықтан шығар ең бірінші тәжірибе жетіспеді. Мен үшін дода үлкен сынақ еді. Алайда, бағым жанбады. Мен үшін барлық жеңістер алда. Бұйырса 2022-Бейжің Олимпиадасында топ жаруға бар күшімді саламын. Және Бейжіңге ең үлкен дайындықпен барамын.

- Қазақстан құрамасындағы ең жас спортшылардың бірі екеніңізді жақсы білеміз...

- Биыл 16 жастамын. Бірақ, Пхенчхан Олимпиадасындағы сәтсіздігімді жастығыммен байланыстырғым келмейді. Өздеріңіз жаңа естігендей баспасөз отырысында бапкерлер мені «болашақ чемпионымыз» деп әзілдеп жатыр. Иә, ауыздарына Алла салып жатқан шығар. Болашақта Олимпиада шыңын бағындырамын деген үміттемін.

- Менің ойымша, 16 жаста Олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік қой...

- Әрине, қысқы спортты алғанда бұның өзі үлкен жетістік деп айтар едім. Жасырары жоқ, біздің елде қысқы спорт түрлері сәл кешігіп дами бастады. Енді-енді қазақтың қаракөз ұлдарымен қыздары қысқы спорт түрлеріне ден қойып жатқандай болады маған. Солардың қатарында мен де бармын.

- Жарыс кезінде қобалжу болды ма?

- Әрине, алғашы ең ірі додам ғой. Үлкен аламанның шаңын көрдім. Енді, алдағы уақыттарда бой алдырған қателіктеріммен жұмыс жасап, өзімді шыңдайтын боламын.

- Көптеген елдің спортшылары осы фристайл, могул, тау шаңғысы сияқты ашық аспан астында өтетін жарыстарда ауа райының қолайсыз болғаны туралы шағымданып жатқан көрінеді. Сізге бұл жағы әсер етпеді ма?

- Маған ауа райы аса бір қолайсыздық тудырған жоқ. Сондықтан, жарыстағы сәтсіздігімді ауа райына, болмаса төрешілерге итергім келмейді. Тек өзімнің тәжірибемнің аздығынан көремін.

- Енді, алдағы жоспарың туралы айта кетсең?

- Алда мақсат көп. Спорттың сыртында оқуым бар. Бәрін сәтті аяқтағым келеді. Келесі Олимпидаға дейін әлі төрт жыл уақыт бар. Оған дейін менде өсемін, тәжірибем де толысады деген сенімдемін. Сондықтан, 2022- Бейжің мені күт дегім келеді. Олимпиадада қолдау білдірген, жанкүйер болған барлық отандастарыма алғыс айтамын.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

 


Басты сөздер: Қоғам, Олимпиада, Спорт,
Бөлісіңіз:

Автор:

Күнсұлтан Отарбай

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат