Бейжің марафоны COVID-19 вирусына байланысты өтпейтін болды

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Екінші жыл қатарынан мерейтойлық, 40-шы халықаралық Бейжің марафоны Қытай Халық Республикасы астанасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты кейінге қалды. Бұл туралы спорт шарасын ұйымдастыру комитетінің хабарламасында айтылады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Хабарламада коронавирустың кластерлік өршуіне байланысты, сондай-ақ эпидемияның таралу қаупінің алдын алу, жүгірушілер, қызметкерлер және жұртшылықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында 31 қазанда өткізілуі тиіс болған Бейжің марафоны кейінге қалғаны айтылған.

Жүгірудің жаңа датасы қосымша жарияланады.

Еске сала кетсек, 40-шы халықаралық Бейжің марафоны 2020 жылы өтуі тиіс болған, алайда коронавирус пандемиясына байланысты кейінге ауыстырылған.

Биылғы 1 қазанда Қытайдағы абыройлы спорт жарысына қатысушылардың ресми тіркелуі басталды.

Бейжің марафонына 30 мыңға жуық спортшы қатысуға ниетті болған.

Ұйымдастыру комитетінің бұған дейін таратқан хабарламасында жазылғандай, марафон қатысушылары коронавирусқа қарсы вакцина алуы, жарысқа 21 күн қалғанда күн сайын денсаулығының жағдайы туралы «ресми мәлімдеу» және Бейжің сыртына шықпауы тиіс болған. Бұдан басқа, жүгірушілердің қолында марафон стартынан 72 сағат бұрын КВИ теріс қорытындысын көрсеткен тест болуы тиіс.

Ұзақтығы 42,195 шақырым қашықтық Бейжің орталығындағы Тяньаньмэнь алаңынан басталып, ҚХР астанасының солтүстігіндегі Олимпиада спорт кешенінде аяқталады.

Бейжің марафоны 1981 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.

Оның трассасы Халықаралық жеңілатлетикалық федерациялар қауымдастығының өлшемдеріне сәйкес келеді және онда әлемдік рекордтар орнатылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар