Бейжің-2022: Ракпаров үлкен трамплинде секіруден 38-орын алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің Олимпиадасында ерлер арасында шаңғы қоссайысынан үлкен трамплин секіру (К-125) сайысынан жарыстар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған сында ел намысын Шыңғыс Рақпаров қорғады. Ол жарыс қорытындысы бойынша 111,5 метр қашықтыққа «ұшып» 69,6 ұпай жинады. Нәтижесінде 38-орынға тұрақтады.

Бұл додада үздік нәтижені Норвегия өкілі Ярл Магнус Рийбер (139,8) көрсетсе, екінші орын эстониялық атлет Кристян Ильвеске (128,7) бұйырды. Ал үздік үштікті жапониялық Риота Ямамото (128,7) түйіндеді.

Енді Шыңғыс Рақпаров елорда уақытымен сағат 17:00-де гундерсен жүйесі бойынша (10 шақырым) ел намысын қорғайды. Бұл Рақпаровтың Бейжің Олимпиадасындағы соңғы жарысы болмақ.

Айта кетейік, аталған Ақ Олимпиадада ойындарында еліміздің намысын 8 спорт түрінен 34 спортшы қорғап жатыр.

Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спорттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен сынға түсуде. Бейжің Олимпиадасы 20 ақпанда мәресіне жетеді.

Фото: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК.
Соңғы жаңалықтар