Бейжің-2022: Конькимен жүгіруден Қазақстан командасында өзгерістер болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бейжің қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында конькимен жүгіруден Қазақстан командасы сапында өзгерістер орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлім етті.

Ертеңгі Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы 1000 метрлік жарыста Иван Аржаниковтің орнына Дмитрий Морозов шығады.

«Ерлер арасында 1000 метрге жүгіруден командада өзгеріс бар. Иван Аржаников денсаулығына байланысты жарысқа қатыса алмайды. Оның орнына Дмитрий Морозов шығады деп шештік. Әрине, бұл Морозов үшін айтарлықтай ыңғайлы жарыс емес. Бірақ ол соңғы кездері 1500 метрде өзін жақсы көрсетіп жүр. Сондай-ақ, бұл бәсеке масс-старт алдында жақсы дайындық болмақ», - деді бас бапкер Дмитрий Бабенко.

Айта кетейік, ерлер арасындағы 1000 метрлік жарыс ертең Нұр-Сұлтан уақытымен 14.30-да өтеді.

Қазір Ақ Олимпиадада ойындарында еліміздің намысын 8 спорт түрінен 34 спортшы қорғап жатыр.

Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спорттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен сынға түсуде.

Бейжің Олимпиадасы 20 ақпанда мәресіне жетеді.


Соңғы жаңалықтар