Бейжің-2022: Қазақстандық шорт-трек шеберлері қанша сыйақы алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шорт-тректен Олимпиада ойындарында үздік бестікке және төрттікке енген қазақстандық шорт-трекшілер қанша қаржылай сыйақы алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыдан бір күн бұрын шорт-тректен Қазқстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков Бейжіңдегі Олимпиада ойындарын қорытындылап, өз шәкірттерінің жетістігін жоғары бағалады. Сондай-ақ, жүлделі орынға сынық сүйем жетпей қалғандарына өкініш те білдірді.

Бейжің Олимпиадасында ел тарихында алғаш рет қос спортшымыз жекелей сынның финалына шықты. Жарыстың алғашқы күндері Әділ Ғалиахметов ерекше көзге түскен болатын. Ол 1500 метрлік бәсекенің финалына дейін жетті. Алайда соңғы медальға талас кезінде 8-ші сатығы тұрақтады.

Одан кейін Абзал Әжіғалиев 500 метрлік бәсекеде 4-ші орын алды. Осылайша жүлделі орынға бір қадам үлгермей қалды.

Бұған қоса, жерлестеріміз аралас эстафетада алдыңғы 5-тіктен табылды. жетістіктерінің арқасында ұлттық құрама спортшылары 70 мың доллар сыйақы алады.

Атап айтсақ, Қазақстанда Олимпиада жүлдегерлерінен бөлек 4-ші, 5-ші және 6-шы орын алған атлеттерге де сыйақы беру қарастырылған.

Сол себепті, Абзалға 4-ші орын үшін 30 мың доллар табысталады. Ал эстафетада ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова және Яна Хан төрттігіне 10 мың доллардан беріледі.

Ал Олимпиада ойындарында алтын алған спортшыға 250 мың, ал күміс пен қолаға, сәйкесінше 150 және 75 мың доллардан беріледі.

Айта кетейік, аталған Ақ Олимпиадада ойындарында еліміздің намысын 8 спорт түрінен 34 спортшы қорғап жатыр.

Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спорттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен сынға түсуде.

Бейжің Олимпиадасы 20 ақпанда мәресіне жетеді.


Соңғы жаңалықтар