Бейжің-2022: Қазақ спортшыларына жүлденің ауылы алыстап барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің Олимпиадасында қазақстандық спортшылар спорттың үш түрінен ел намысын қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ спортшыларына жүлденің ауылы алыстап бара жатқандай. Ақ Олимпиада ойындарының аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. Біз үміт артқан спорт түрлерінен сынға түсетін спортшылармыздың барлығы жарысты сәтсіз аяқтап жатыр.

Бүгін де ел атынан сынға түскен атлеттеріміз көз қуантарлық нәтижелерге қол жеткізе алмады.

Айталық, бүгін ерлер арасында тау шаңғы спортының слалом бағдарламасынан сынға түскен Захар Кучин бірінші мүмкіндігінде мәре сызығын 1:03,68 көрсеткішімен 43-ші болып кесті. Нәтижесінде үздік 30 спортшы қатарына кіре алмады.

Ал екінші мүмкіндігінде мәре сызығын 2:02,66 уақыт көрсеткішімен 36-шы болып кесіп өтті. Осылайша жарысты сәтсіз аяқтады. Бұл Захар Кучиннің Бейжің Олимпиадасындағы соңғы жарысы еді.

Спорттың бұл түрінен бас жүлдені франциялық Клемент Ноэль (1:44,09) жеңіп алса, екінші орынға Австрия өкілі Йоханнес Штрольц (– 1:44,70) қол жеткізді. Ал үздік үшінші орынға норвегиядық Себастьян Фосс Сулевог (– 1:44,79) ие болды.

Сондай-ақ, бүгін шаңғы жарысынан әйелдер арасындағы командалық спринттен жартылай финалдық жарыстар өтті. Бұл сында ел намысын Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина қорғады. Өкінішке қарай екеуі мәре сызығын 24:57,5 уақыт көрсеткішімен 10-шы болып кесіп өтті. Осылайша отандастарымыз финалға өте алмады.

Жарыс соңында бүгін шорт-тректен сынға түскен Ольга Тихоновадан үміт күткеміз. Ол 1500 қашықтықта сынға түсті.

Аталған қашықтықты отандасымыз 2:23,48 уақыт көрсеткішімен төртінші болып кесіп өтті. Алайда, оның жарыс барысында ереже бұзғаны анықталып жарыстан шеттетілді.

Осылайша ол Бейжіңдегі Олимпиада ойындарын жүлдесіз аяқтады. Бұл қазақстандық спортшылардың шорт-тректен Бейжің Олимпиадасындағы соңғы жарысы еді.

Айта кетелік, шорт-тректен Қазақстан командасының ең үздік нәтижесін Абзал Әжіғалиев тіркеді. Ол 500 метрге жүгіруден А финалында сынға түсіп, төртінші орын иеленді.

Бейжің Олимпиадасы 20 ақпанда мәресіне жетеді.


Соңғы жаңалықтар