Бейжің-2022: Бүгін қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары спорттың екі түрінен сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорттың 2 түрінен 3 атлетіміз ел намысын қоғаған болатын. Өкінішке қарай үшеуі де жарысты жүлдесіз аяқтады.

Бүгін Чжанцзякоу қаласында қазақстандық спортшылар арасынан бірінші болып шаңғышы Евгений Величко жарыс жолына шықты. Алайда Чжанцзякоуда ауа райының нашарлауына байланысты шаңғы жарысынан ерлер арасындағы масс-старт 50 шақырымнан 30 шақырымға қысқартылды. Нәтижесінде 61 спортшы арасынан отандасымыз 43-ші болып мәре сызығын кесті.

Бұл марафонда бас жүлдені ресейлік Александр Большунов (1:11:32.7) жеңіп алды. Күміс медальға тағы бір ресейлік атлет Иван Якимушкин (+5.5) ие болса, үздік үштікті Норвегия өкілі Симен Хегстад Крюгер (+7.0) түйіндеді.

Ондан кейін конькимен жүгіруден масс-старт бойынша ерлер және әйелдер арасында жартылай финалдық бәсекелер басталды.

Бұл сында ерлер арасында Дмитрий Морозов ел намысын қорғаса, әйелдер арасында Надежда Морозова сынға түсті.

Алайда, Дмитрий Морозов жартылай финалда 10-орын алып, финалға шыға алмады.

Надежда Морозова жартылай финалда мәре сызығына 8-ші болып жетіп, финалға өтті. Ал ақтық бәсекеде 16 спортшы арасынан 15-ші болып келіп, жүлдеден тыс қалды.

Конькимен жүгіруден масс-старт бойынша әйелдер арасында алтын медальді голландиялық конькиші Ирен Схаутен (8:14.73) жеңіп алды. Ал күміс жүлдеге канадалық Ивани Блонден (8:14,79) қол жеткізсе, қола медальды италиялық Франческа Лоллобриджида өз еншісіне жазды.

Ертең, яғни 20 ақпан – Бейжің Олимпиадасының соңғы күні. Қазақстан спортшыларының қоржыны әлі бос.


Соңғы жаңалықтар