Бейжің-2022: Әр спортшының арманы жеңіс тұғырынан көріну - Кенжеш Сәрсекенова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бейжіңде өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтануға жақын. Осы орайда Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Кенжеш Сәрсекенова ҚазАқпарат тілшісіне шағын сұхбат берді.

- Кенжеш Садыққызы, биылғы жылдың басты додасы «Бейжің-2022» олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы ретінде шәкірттеріңізден қандай жүлде күтесіз ?

- Конькимен жүгіру спортынан еліміздің намысын 5 спортшы қорғайды. Олардың кімдер екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Әрине, Олимпиадаға қатысқан әр спортшының арманы жеңіс тұғырынан көріну. Біздің үмітіміз оларды сол биіктен көру. Сондақтан әр спортшы өзінің жауапкершілігін жақсы түсінеді. Жүлделі орындар үшін бар күш-жігерін салады деп сенемін. Барлық спортшылардан жүлде күтеміз.

- Өзіңіз білесіз жаңа жыл өте сала елімізде жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Бұл «қаңтар оқиғасы» спортшыларымыздың дайындығына кері әсерін тигізген жоқ па ?

- Олимпиада ойындарына дайындық елордамыздағы «Алау» мұз айдынында өтуде. Құрама команданың бас бапкері Дмитрий Бабенконың жоспары бойынша өтіп жатыр. Елімізде болған «тәртіпсіздіктер» біздің спортшыларымыздың Олимпиадаға дайындалуына, жаттығу жасауына, уақытылы демалуына ешқандай кері әсерін тигізген жоқ.

- Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктерімізге көп жағдайда жанкүйерлеріміздің көңілі толмай жатады. Елмізде жалпы қысқы спорт түрлерінің дамуына қандай баға бересіз ?

- Елімізде қысқы спорт түрлерінің даму барысы, әрине жазғы спорт түрлеріне қарағанда кенжелеп келеді. Мысалы, кезінде өзім айналысқан конькимен жүгіру спорты туралы айтар болсам, спорттың бұл түрі де қатты дамып кеткен жоқ. Оған басты себеп - спортшылар жаттығу жасайтын, спорттық базаның аздығы. Бізге еліміздің әр өңірінде заманауи жабық мұз алаңы керек. Егерде, өңірлердің бас қалаларында жабық мұз аланың салмасақ, бұл спорттың дамуы кешеуілдей береді. Мемлекет осы жағына көңіл бөлсе деп ойлаймын. Қазір де құрамада көптеген талантты спортшыларымыз жетерлік. Сол спортшыларымызды бағалап, сақтай білсек, сондай-ақ, болашақ чемпиондарды шығаруға күні бүгіннен бастап кіріссек спортты дамытуға болады.

- Алдағы Олимпиада да кімдерге үміт артасыз ?

- Әр спортшы жеңістен үмітті. Сондықтан ешкімді бөле жармай барлығынан үміт күтемін. Барлық олимпиадашыларға тек сәттілік серік болсын деп тілеймін. Байрағымызды желбіретіп барып, желбіретіп отанымызға оралуға нәсіп етсін. «Алға Қазақстан!», «Алға қазақ спортшылары» деген тілегімді жеткізгім келеді.

Кенжеш Сәрсекенова:

1972 жылы туған. Жасөспірім қыздар арасындағы Қазақстанның, Әлемнің екі мәрте чемпионы, 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия), 1994 жылы Нагано (Жапония) қысқы Олимпия ойындарына қатысушы, қысқы Азия ойындарына (1999, Оңтүстік Корея) қатысып, 1500 м-ге сырғанаудан 8-ші, көпсайыста 9-шы орынға ие болған. Әлем кубогының кезеңдеріне, Норвегия, Голландия, Германияда өткен халықаралық турнирлерге қатысқан. Конькиде жүгіруден спорт шебері, екі дүркін қысқы Олимпиада қатысушысы, 7 дүркін ҚР чемпионы.

Сурет: el.kz
Соңғы жаңалықтар