Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығы тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі танымал журналист Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығын жариялады. Бұл туралы ҚазАқпарат министрліктің телеграм каналына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық сыйлықтың басты мақсаты - ардақты азамат, елімізге белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің есімін мәңгілікке сақтап қалу және талантты жас журналистерді тану, олардың кәсіби жағынан одан әрі дамуына жәрдем беру.
Сыйлық 4 номинация бойынша беріледі.
- Әлеуметтік тақырыптағы үздік ТВ сюжет;
- Әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала;
- Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал (әлеуметтік желі);
- Әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет.
Байқауға телевизия, баспа, интернет журналистиканың және фотосуретшілер, жаңа медиа (әлеуметтік желілер) саланың кәсіби және кәсіби емес жас журналистері (18-35 жас аралығы) қатысып, бағын сынай алады.
Байқау үздіктерін арнайы құрылған қазылар алқасының мүшелері айқындайтын болады. Қазылар алқасының құрамына еліміздің медиа саласының дамуына елеулі үлес қосқан танымал медиа менеджерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері кіреді.
«Жігер» сыйлығына өтініш 2020 жылдың 26 мамыр мен 15 маусым аралығында mdq.kz сайтында қабылданады. Сыйлыққа қатысты толық ақпаратты (қатысу ережесін) «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ресми сайтынан (mdq.kz) ала аласыз.
Сондай-ақ, салтанатты марапаттау журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында хабарланбақ.

Еске салсақ, 18 мамырда белгілі журналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Осыған орай ҚР Президенті мен Елбасы Бейсен Құранбектің жақындары көңіл айту жеделхаттарын жолдады.




Соңғы жаңалықтар