Бейруттағы жарылыс: Бейрут теңіз портының 16 қызметкері қамауға алынды

None
None
АММАН. БЕЙРУТ. ҚазАқпарат – Судья міндетін атқарушы, әскери соттың үкіметтік комиссары Фади Акики бейсенбіде 137 адам қаза тауып, 5 мыңнан астам адам жарақат алған жойқын жарылыс себептеріне қатысты 16 адамды, оның ішінде Бейрут портының лауазымды тұлғаларын тұтқындау туралы жариялады.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Таяу Шығыстағы араб бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазіргі уақытта Бейрут портының Директорлар кеңесінің, кеден әкімшілігінің және жөндеу жұмыстарына жауапты лауазымды тұлғаларын, сондай-ақ осы жұмыстарды № 12 қоймада орындайтын адамдарды қоса алғанда, 18-ден астам адамнан жауап алынды. Осы қоймада бұрын жарылған 2750 тонна аммиак селитрасы кабельдермен және басқа да тез тұтанатын материалдармен бірге сақталған. Оның 16-сы тергеу аяқталғанға дейін қамауда болады», - деп түсіндірді Ф.Акики.

Сонымен қатар, Ливан Орталық банкінің (Banque du Liban) Тергеу жөніндегі арнайы комиссиясы Бейрут теңіз портының жеті қызметкеріне тікелей немесе жанама түрде тиесілі банктік құпияны жою (ашу) және шоттарға тыйым салу туралы бұйрық шығарды. Олардың арасында қазіргі кеден қызметінің бас директоры Хасан Курайтам және Порт кеденінің директоры Бадри Дахер бар. Аталған бұйрықтар тиісті сот ордеріне сәйкес шығарылды. Мұны ресми тұлғалар мен Banque du Liban дереккөздері растайды.

Банктің «Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес арнайы тергеу комиссиясы» бөлімшесінен алынған құжатта жеті қызметкердің есімдерінің тізімі көрсетілген. Атап айтқанда Хасан Курайтам, Шафик Марги, Бадри Дахер, Наиль әл-Хадж, Мишель Нахул, Джордж Дахер және Нигмат Әл-Бракс. Олардың көпшілігінің лауазымдары немесе жұмыс орындары көрсетілмеген. Аталған тұлғалардың шоттары Ливанда жұмыс істейтін барлық қаржы мекемелерінде, филиалдарында тоқтатылады.

Banque du Liban-ның 2020 жылғы 6 тамыздағы бұйрығында «бұл шоттардың құпиялылығын құзыретті сот органдары алып тастауы керек» делінген.

Банк Banque du Liban тергеуі жөніндегі арнайы комиссияға шығарылған шешімнің көшірмелерін Кассациялық соттың прокурорына, Жоғарғы банктік комиссияның басшысына, Ливанда жұмыс істейтін барлық банктер мен қаржы мекемелеріне және басқа да мүдделі тараптарға ұсынуды тапсырды.

Автор: Ризабек Жұмажанов


Соңғы жаңалықтар