«Бейпіл сөзге толы»: Депутат сериалдар мен телебағдарламаларды сынға алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетова идеологияға жат сериалдарды, прокаттағы кинолар мен театр қойылымдарын, телеарна бағдарламаларын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сорақылық төрге озған заман болды. Сахнаға шыққан әнші мас боп сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал балағаттау насихатқа айналды. Оның алды телеарналарда жүр. «Хит ТВ» телеарнасының Qaz Stand Up's бағдарламасы осының дәлелі. Кейінгі кезде мазмұны, контексі боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап келеді. Дөрекелік көріністері кинода ғана емес, кино эпизодтары арқылы да барлық әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр.

Осыдан екі жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын да көрдік. Олар енді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Соның бір көрінісі дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан «Пацанские истории» фильмі. Әрине, 18+, 21+ жас санатына арналған мұндай фильмдерге ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бұл әрекеттер біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологиямызға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатқанын түсініп отырмыз ба?», - деді М. Тәжмағамбетова Бас прокуроратура мен Мәдениет және спорт министрлігіне жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, ҚР кинематография туралы заңның 8-бабы 3-тармағында «ҚР аумағында «21 жастан бастап» жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22:00-ден кейін таңға 06:00-ге дейін прокатқа шығаруға жол беріледі» деп нақты көрсетілген.

«Ал бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағат 18:00-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көріп жатыр. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе көрінеу заңды белден басу ма? Ал жалпы белең алып бара жатқан мұндай арзан күлкі, бейпіл сөз, белден төмен әңгімелерге толы бейнеконтенттер, фильмдер, сериалдар өз алдына, енді бейәдеп сахналар, сайқымазаққа айналған халықтық шығармалар театрларда көрсетіле бастады», - деді депутат.

Оның пайымынша, рухани ұстынымызды қайтсек түгендейміз деп жүргенде, ұрпақты дүбара қылатын мұндай насихат жаудан да қауіпті болып тұр.

Депутат келесідей ұсыныстарын жолдады:

1. Аталған киноның кинотеатрларда көрсетілу барысында заң талаптарының бұзылуына жол берген тиісті мекемелерді прокуратура тексеріп, тез арада жауапқа тартуы тиіс.

2. Бұдан былай мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін кино саласы жіті қадағалауға алынуы қажет. Тиісті министрлік прокат куәлігін берерде қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат тұрғысынан прокатқа шығатын фильмдерге талапты күшейтуі тиіс.

3. Әлеуметтік желідегі жарияланымдарға, театрға және басқа да қоғамдық орындарда көпшілік қауымға арналған қойылымдарға сахна әдебіне қатысты заң талаптары күшейтілуі керек.


Соңғы жаңалықтар