«Бейнеу-Жезқазған» темір жол желісі салалық бағдарламаға енгізілмей қалып отыр - З. Алшымбаев

None
None
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Зейнулла Алшымбаев Көлік және коммуникациялар министрі Берік Камалиевке депутаттық сауал жолдады. Онда депутат ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосатын жобаны салалық бағдарламаға қосу туралы мәселе көтерді.

Зейнолла Алшымбаевтың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарында «Бейнеу-Жезқазған» темір жол желісі құрылысын 2012 жылы пайдалануға беру және 2013 жылы жобалық қуатына шығару қаралған болатын. Алайда, бұл жоба 2010-2014 жылдарға арналған көліктік инфрақұрылымдарды дамытудың салалық бағдарламасына енгізілмей қалып отыр.

«Жобаны жүзеге асырудың басымдылығы айқын - бұл Ақтау теңіз порты арқылы батыс өңір мен Азия елдері арасындағы қашықтығы орта есеппен 600 шақырымға қысқаруға, еліміздің темір жолына Қытай, Еуропа және Кавказ аралығында тасымалдануы жоспарланған транзиттік жүк көлемін 30-50 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Қорыта келгенде, бұл жобаны жүзеге асыру аймақтың ғана емес бүкіл еліміздің экономикалық дамуына сүбелі үлес қосары анық. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру кезінде «Өзен - Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісінің құрылысын салу барысында шоғырланған материалдық - техникалық және кадрлық ресурстарды одан әрі пайдалану тиімді болар еді. Облыстың, әсіресе Бейнеу ауданының тұрғындары және Маңғыстау облысы мәслихаттарының депутаттары аталған жобаның жүзеге асырылу барысына қатысты ұсыныстарын облыс әкімі алдына жиі қоюда. Сондықтан да, аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді 2012 жылы қаржымен қамтамасыз ету және 2010 - 2014 жылдарға арналған көліктік инфрақұрылымдарды дамытудың салалық бағдарламасына қосудың маңызы зор», - дейді депутат.

Соңғы жаңалықтар