«Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырын салу Маңғыстаудың 770 мың тұрғынын көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырын салу Маңғыстаудың 770 мың тұрғынын көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтау қаласы «Жаңаөзен-Ақтау» газ құбыры арқылы көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл көлем жеткіліксіз. Біз жоспарлаған тағы бір газ құбырын салу қажет. Үкімет аталған жобаны жүзеге асыруға 31 млрд теңге бөлді. Бұл кәсіпкерлер үшін де, қайтадан салынып жатқан аудандардың тұрғындарына коммуналдық қызмет көрсету үшін газдың қосымша көлемін беруге мүмкіндік жасайды», - деді облыс басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, биыл Ақтау энергетикалық хабы аясында салынған ғимараттарға газ тарту үшін ұзындығы 52 шақырым құбыр тартылады. Жоба құны 10,5 млрд теңгені құрайды.

«Осы жылдың соңында пайдалануға береміз. Бұл іс-шара аталған қызметті үздіксіз алуға мүмкіндік жасайды. «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының ұзындығы 308 шақырымды құрайды. Газ құбырының құны – 180 млрд теңге. «Қазақгаз» ұлттық компаниясы Энергетика министрлігі мен Үкіметтің қолдауымен өз қаражатына салып жатыр. Бұл газ құбыры Бейнеуді қоса алғанда бүкіл облысты газбен қамтиды. Бұл – Бейнеу тұрғындарын қоспағанда 770 мың адам», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар