Бейнетаспаға түсіріп, жауап алды: Кәсіпкерлер салық органдарының ілкі жобасына наразы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері елорданың салық органдарының жаңа пилоттық жобасына шағымдануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған мәселе бойынша Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі отырыс өткізді.

ШОБ кәсіпкерлері шоттар мен электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйелерін негізсіз бұғаттауға және әріптестеріне олардың бизнесінің жоғары тәуекелі туралы хабарлама жіберіліп, іскерлік беделіне нұқсан келді деп шағымдануда. Бұл жұмысты Мемлекеттік кірістер департаменті қосымша құн салығын әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі пилоттық жоба аясында жүргізуде.

Аталған жоба көлеңкелі экономика деңгейін төмендету және салық төлеуден жалтаруды көздейтін бір күндік фирмалар тарапынан салықтық бұзушылықтардың алдын алу, адал кәсіпкерлерді олардан қорғау, «бір күндік фирмалар» ұсынатын көлеңкелі қызметтер нарығын жою мақсатында әзірленген.

«Бұйрықтың өзі өте мінсіз жазылған, онда барлық мерзімдер көрсетілген, кәсіпкер салық органы берген хабарламаларға жауап бере алады және оны салық органының бес күнде қарауына, кәсіпкерлерден жауап алумен ғана шектелуге мүмкіндігі бар. Бірақ іс жүзінде кәсіпкерлердің салық органдарына жіберген хабарламаларының көпшілігі қабылданбай қалатыны белгілі болды. Бес күнде шоттар бұғатталған соң, бизнестің барлық қызметі тоқтайды. Кәсіпкер өзінің барлық келісімдерінің жарамды екенін дәлелдесе де, бұл бұғаттарды алып тастау бір айдан алты айға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан, аудандық деңгейде кәсіпкерлерді бейнекамераға түсіріп, куәлігін өзімен бірге ұстауды талап еткен жағдайлар болғанын Мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығына жеткізгім келеді. Сондай жағдайға тап болған кәсіпкердің бірі бүгінгі отырысқа шақырылды, кәсіпкердің айтуынша бұл – нағыз қорлау. Міне, осындай жайттарға пилоттық жобада Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан жол берілмеуі керек. Егер пилоттық жоба осылай жалғаса берсе, оны сәтсіз деп санауға барлық негіз бар», - деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш.

Өз кезегінде елордалық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Тәукен Ошақбаев елордада 3 мыңнан астам компанияның шоттары не үшін бұғатталғанын түсіндірді.

«Пилоттық жобаның басында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 600 компания толығымен бұғатталды. Яғни, олар – «қолма-қол ақша кеңселері» деп аталатын компаниялар. Неліктен мұндай пилоттық жоба қолға алынды, өйткені қазір бізде электронды шот-фактураны толығымен қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе бар, сондықтан ЭШФ енгізілген кезде сын-тәуекелі көп компанияларды автоматты түрде сүзіп шығуға болады. Бұл пилот тәуекелі көп мәмілелерді анықтайды», - деп түсіндірді Т. Ошақбаев Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында.

Спикердің айтуынша, соңғы уақытта елордада 3 551 компания бұғатталған, оның 29% өздерінің салық міндеттемелерін қайта қарады және тиісінше есепшоттарын қайта ашқан.


Соңғы жаңалықтар