Бейнекамера арқылы көлік қозғалысы тәртібін бақылау мүмкіндігін кеңейту керек - Игорь Лепеха

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бейнекамера арқылы жолдағы көлік қозғалысы тәртібін бақылау мүмкіндігін кеңейту керек. Бұл туралы елордада жолдағы қауіпсіздік саласында жаңа технологияларды пайдалану тақырыбындағы форумда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол ережесін бұзу деректерін цифрлық технологиялар арқылы анықтау деңгейін әлі де көтеру керек. Қазір жолдағы қиылыстарды, Bus Lane жолағын бақылау, жылдамдық режимі талаптарын орындамаған жүргізушілерді анықтау камералар арқылы іске асырылып жатыр. Дегенмен, біз осы камералардың мүмкіндігін кеңінен пайдалануды талап етіп отырмыз», - деді Игорь Лепеха жаңа технологиялар саласында тың жобаларды іске асырып жатқан мамандарға қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда ол «Сергек» бейнекамерасы арқылы болашақта қандай ереже бұзу деректерін анықтауға болатынын айтты.

«Ең алдымен, камералар жаяу жүргіншілер жолағынан автокөліктер өткен кезде болатын ереже бұзу деректерін анықтау керек деп санаймыз. Яғни жүргізушілер жаяу кетіп бара жатқан адамдарға жол бермей жатады. Елімізде жаяу жүргіншілерді қағып кетуге қатысты жол-көлік оқиғаларының саны өте көп. Егер біздің камералар жүргізушілердің осы заңсыз әрекеттерін, сондай-ақ жолда ұялы телефон мен қауіпсіздік белдігін пайдалану ережелерін бұзғанын тіркесе, бұл шешімдер жұмысымызды жеңілдетер еді», - деді Игорь Лепеха.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кейінгі 12-15 жылда автокөлік саны 3 млн-нан 5 млн-ға дейін артты.

Сонымен қатар, И. Лепеха электр самокаттың жылдамдығы саябақ аумағында автоматты түрде бәсеңдеуі керек екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар