Бейбіт жиындарды келісу процедурасын жеңілдететін заң қабылданады -Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бейбіт жиындарды келісу процедурасын жеңілдететін заң қабылданады.

Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елімізде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылдың тиімді жүйесі құрылған. Дегенмен, ел басшылығы оны одан ары жоспарлы дамыту үшін келесі міндеттерді жүктеп отыр. Біріншіден, 2025 жылға дейін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданады. Құжат коммерциялық емес ұйымдарды құру процедурасын жеңілдетуге бағытталады. Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау, оның ішінде мемлекеттік қаржыландыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету арқылы қолдау тетіктерін дамыту қарастырылатын болады. Азаматтық қоғамды заңнамалық бастамаларды талқылау процесіне мұнан ары да жұмылдыру жоспарланған», - деді министр.

Оның атап өтуінше, екіншіден, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау ресурстық орталықтарының жұмысы күшейтіледі. Анықталған үкіметтік емес ұйымдардың тізілімі жасақталады.

«Бұл құжаттың маңыздылығын бағалау қиын. Сондықтан ол барлық мүдделі тараптармен, әсіресе үкіметтік емес сектормен сапалы әзірленуі тиіс. Осыған қарай вице-министр Д.Есинге тұжырымдаманың 2020 жылдың шілдесінен кешіктірілмей бекітілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді ол.

Сонымен қатар ол осы жылдың ақпанында еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын мерекелеу тұжырымдамасын және іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігін атап өтті.

«Үшіншіден, қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға өзгертулер енгізу қажет. Төртіншіден, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы« заңның қабылдануын қамтамасыз ету керек. Ол бейбіт жиындарды келісу процедурасын жеңілдетуге бағытталатын болады», - деді Дәурен Абаев.


Соңғы жаңалықтар