Бейбіт жиындар туралы заң жобасында ұлттық ерекшеліктер ескерілуі керек - Беларусь елшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісі Анатолий Ничкасов ҚР Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасымен танысуға жағдай жасағаны үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне алғыс айтамын. Бұл - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы аясында әзірленген алғашқы заңдардың бірі. Заң жобасын әзірлеуге сараптамалық және жұмыс топтары, Мәжіліс, үкіметтік емес ұйымдар үлес қосты. Шынында да мемлекет қоғам ұсынған бастамаларды ескерді. Заң жобасы 1995 жылғы жиындар мен митингілер туралы заң қағидаларын дамытады», - деді дипломат ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтық құқық пен бостандықты қорғау бойынша барлық халықаралық құжаттар мен міндеттемелерге белсенді қатысады.

«Заң жобасының алғашқы редакциясы мұқият қаралды және Мәжілістегі қаралымда ескертулер айтылып, елеулі өзгерістер енгізілді. Расында да қоғам жиындар мен митингілер, шерулер өткізуге толық құқылы. Әсіресе, БАҚ қызметінің қатысуына байланысты мәселеге ерекше мән берілген. Бірқатар ескерту мемлекеттік басқару органдары мен күштік құрылымдардың қатысуымен байланысты болды. Сенаттағы қаралымда елеулі өзгерістер қабылданады деп сенемін. Қазақстандағы барлық саяси оқиғалардан хабардар болып отырамыз. Өте жақсы пікірлер айтылып жатыр. Дипломаттардың басым бөлігі заңгер болғандықтан, өз пікірімізді білдіруіміз қажет деп есептеймін. Бұл - қазақстандық заң болуы керек және онда ұлттық ерекшеліктер ескерілуі тиіс», - деді А. Ничкасов.


Соңғы жаңалықтар