Бейбіт жиындар туралы заң жобасы билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады - Мейрамбек Қиықов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жаңа заң жобасы билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады. Бұл туралы Көкшетауда өткен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, шеру, пикеттер, демонстрациялық жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы» заң жобасы талқыланған диалогтық алаңда «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшсі.

«Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалың ел тарапынан қолдау тапқан болатын. Яғни, оған сәйкес, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Билік тұрғындардың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін қордаландырмай шұғыл шешуі керек. Мәселе шешілмегендіктен халықтың көшеге шығуына тура келеді», - деді жиынға қатысқан «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов.

Сонымен қатар, ол демократиялық бағыт ұстанған ел үшін халық мұң-мұқтажын билікке заңды жолмен жеткізе алатын бейбіт жиындар туралы заңның болғанын қолдап отыр.

«Егер билік халықтың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін жедел шешіп отырса, онда халықтың билікке деген сенімі артып, митингтің де саны аз болар еді. Дегенмен, ел болған соң мәселе болмай тұрмайды. Әрине, демократияға аяқ басқан ел үшін мұндай заңның болғаны дұрыс. Осы заң арқылы билік пен халық арасындағы байланыс нығая түседі деп есептеймін», деп толықтырды Мейрамбек Қиықов.

Айта кетейік, бүгін Көкшетауда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметовтің қатысуымен бейбіт жиындар туралы заң жобасын қоғамдық талқыға салған диалогтық алаң ұйымдастырылды.

Шараға жергілікті қоғамдық бірлестік төрағалары, үкіметтік емес ұйымдар мен партия филиалдарының белсенділері, кәсіподақтар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар