Бейбіт жиналыстар туралы заң: Әлемдік практика қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Франция, Германия, Ұлыбритания, Польша, посткеңестік кеңістіктегі елдерден Қырғызстан, Армения – хабарландыру жүйесі бар елдер. «ҚазАқпарат» тілшісі бейбіт жиналыстар туралы қолданыстағы заңдарға шолу жасады.

Францияда «Әр жиналыс, шеру, манифестация» туралы декрет-заң бар. Хабарламалар 3 күн бұрын және 15 күннен аспайтын мерзімде коммунаның жергілікті мэриясына беріледі. Онда ұйымдастырушылардың аты-жөні, мекенжайы, орналасқан жері, уақыты, күні және егер шерумен жүретін болса – қозғалыс бағыты туралы ақпарат болуы қажет. Францияның Қылмыстық кодексіне сәйкес, қатысушылар заңсыз жиналысты тоқтату туралы 2 бұйрықты назардан тыс қалдырса, оны құқық қорғау органдары таратуы мүмкін.


Германияда «Жиналыстар мен шерулер туралы» федералды заң бар. Заңға сәйкес, бейбіт жиналыс өтетіні туралы хабарламалар жергілікті полицияға 48 сағат бұрын жіберілуі керек. Ұйымдастырушы демонстрацияны уақтылы тоқтатуға, шеру болған жерден адамдардың тарқауына және тәртіпті қамтамасыз етуге жауап береді, сонымен бірге ол кәмелет жасқа толған және тек ақ таңғышпен жүруі керек.

Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция адамдардың жиналуына тыйым салуы мүмкін.


Ұлыбританияда «Қоғамдық тәртіп туралы» заң аясында шеру немесе жиналыс өтетін күні, уақыты, бағыты, оны ұйымдастырушының аты-жөні мен мекенжайы туралы хабарлама 6 күн бұрын жергілікті полиция бөлімшесіне беріледі.

Егер жергілікті полиция қызметінің басшысы бұл жиналыс қоғамдық тәртіпсіздікке алып келеді деп санаса, ол округтық кеңеске шағымдана алады және мемлекеттік хатшының келісімімен барлық бұқаралық шараларға 3 айға дейін тыйым салу туралы бұйрық шығара алады.


Австралияда 5 жұмыс күні қалғанда жергілікті билік органдарына немесе полиция бөлімшесіне ұйымдастырушының аты-жөні, мекенжайы, шеру өтетін күн, өтетін жер, уақыты, басталу және аяқталуы, бағыты, қай жерде тоқтайды деп болжанатыны және қаншаға созылуы мүмкін екендігі, қанша адам қатысуы мүмкін екендігі, олардың мақсаты және егер қолданатын болса дауыс зорайтқыш құралдың сипаттамасы туралы хабарламалар жіберіледі.


Ресейде «Жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, шерулер мен пикеттер туралы» федералды заң қолданылады. Хабарламалар бұқаралық іс-шарадан 15 күннен ерте емес және 10 күннен кешіктірмей Ресей Федерациясы субъектісінің жергілікті атқарушы органына немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына шерудің мақсаты, формасы, өту орны, көлік құралдарын пайдалану қажет болған жағдайда көлік құралдары туралы ақпаратты көрсете отырып жіберіледі. Жиналыс өтетін күнін, басталу және аяқталу уақытын, сондай-ақ қатысушылардың болжалды санын, ұйымдастырушының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және медициналық көмекті ұйымдастыру формалары мен әдістері міндетті түрде көрсетілуі керек. Қатысушылар туралы, олардың тұратын жері немесе орналасқан жері, телефондары, ұйымдастырушы уәкілетті тұлғалардың тізімі, бұқаралық іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге уәкілеттік берілген адамдардың тізімі туралы, дыбыс зорайтқыш техникалық құралын қолдануға ниетті екенін білдіретін ақпараттар көрсетілуі қажет.

Сондай-ақ Ресейде қоғамдық жиналыстар өткізу үшін арнайы орындар белгіленген.


Рұқсат беру жүйесі АҚШ, Швеция, Жапония және Сингапурда қолданылатынын айта кету керек.

АҚШ-та әр штаттың өз ережелері бар. Барлық жерде дерлік митинг өткізуге арнайы рұқсат қажет. Ол үшін жергілікті полиция департаменттерінің немесе ұлттық парк қызметінің ресми веб-сайттарында орналастырылған бланкты толтырып, арыз беру керек.

Мәселен, Вашингтонда (Колумбия округінде) өтініштер 15 күннің ішінде астананың ұлттық парктер қызметіне немесе қаланың полиция бөліміне және Капитолий және үкіметтік ғимараттарды қорғау жөніндегі полициясына беріледі.

Өтінімде демеуші ұйым және оның негізгі лауазымды тұлғасы немесе оқиғаға жауапты тұлға туралы толық ақпарат болуы тиіс. Сондай-ақ, іс-шараның басталу және аяқталу күндерін, қатысушылардың, жануарлар мен көліктердің шамамен саны қанша болатынын көрсету қажет. Пайдалану керек баннерлердің, плакаттардың және белгілердің санын, түрін және мөлшерін, осы оқиғаны бақылауға тағайындалатын адамдардың санын және жауапты тұлғаның атын көрсету қажет.

Алайда, рұқсат мүлде қажет емес жағдайлар болады. Мысалы, ұлттық парк жүйесінің арнайы ережелеріне сәйкес рұқсат талап етілмейді. Тек ауқымды демонстрация өткізу үшін ғана арнайы рұқсат алу қажет. Бір қызығы, Ақ үйдің аумағында демонстрацияларға рұқсат етіледі, бірақ тек Ақ үйдің тротуарында, Лафайет саябағы мен эллипс аумағында ғана өткізуге болады. Бұл қатаң түрде заңмен реттеледі.

Ал Окленд штатында көшеде, тротуарда, аллеяда немесе Окленд қаласының кез келген қоғамдық орындарында жиналыс өткізуге болмайды, сондай-ақ, ғимарат алдында немесе оның маңында пикет жасауға, кез келген ғимарат немесе фабрика алдында, кез келген жұмыс орны немесе жұмыста түрткі болу, себепші болуға немесе кез келген адамды «оятуға» немесе әсер етуге талпыну мақсатында кез келген баннер, транспарант немесе белгі қолдануға тыйым салынады.

Нью-Йоркте (Нью-Йорк штаты) митинг немесе марш өткізуге рұқсатты қалалық полиция басқармасы береді. 60 күн бұрын жиналыстың анық-қанығы жазылған өтініштің 3 данасы қабылданады. Өтініш жазғаны үшін 25-35 доллар төленеді, сондай-ақ, сақтандыру жауапкершілігінде болатын 1 миллион доллар төленуі керек. Бұдан бөлек, ұйымдастырушы полиция департаментінің, медициналық және көлік қызметінің, жалпықалалық үйлестіру басқармасының рұқсатын міндетті түрде алу керек.

Сонымен қатар, жергілікті биліктердің өтінішті кері қайтаруға немесе көшеде немесе алаңда болатын шараларды баж салығын төлемегені үшін, өтініш жазушының төлеу қабілеті болмағаны немесе өрт сөндіру бойынша күзетпен, көлік қызметімен, полиция қызметімен, санитарлық қызметпен, денсаулық сақтау қызметімен және ғимараттар департаментімен, тұтынушылар ісі бойынша департаментпен, Нью-Йорк қалалық көлік қызметімен, Нью-Йорк штатындағы адамдар ресурстарын басқару қызметімен, қаржы департаментімен, тергеу департаментімен, салық және қаржы департаментімен келісімге келе алмауы негізінде шеруді болдырмай тастауға құқылы.

Сингапурда «Қоғамдық тәртіп туралы» заңға сәйкес, жиналыс өткізу үшін полицияның рұқсаты қажет. Сондай-ақ, жиналыс өтетін күнге дейінгі өтінімде орны, күні мен уақыты, формасы, басталуы және ұзақтығы, аялдамалардың орны, қатысушылардың саны, жиналыс мақсаты, баннерлердің, плакаттардың, дисплейлердің немесе пайдаланылатын басқа да материалдардың саны мен мөлшері, сондай-ақ атауы, мекенжайы және жиналысты немесе шеруді ұйымдастырушының телефон нөмірі, мекенжайы туралы ақпарат болуы керек.

Егер аталған жиналыс немесе шеру қоғамдық тәртіпті бұзады, мемлекеттік не жеке меншікке залал келтіреді деген қауіп болса, уәкілетті орган шараны өткізуге рұқсат бермеуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар