Бейбіт заманда қыршын кетті...

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда әскери қызметін өтеп жүріп, қаза болған жерлестеріміздің жауынгерлік ерлігі, олардың бейбітшілік пен достық идеалдарына беріктігі өскелең ұрпақ үшін отансүйгіштіктің, әскери антқа адалдықтың жарқын үлгісі болып табылады.

Солардың бірі - бұландылық әскери-теңіз флотында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде қаза тапқан сүңгуір қайықтың матросы Валентин Носачев. Ол 1947 жылы Журавлевка селосында туып, ер жетеді. Кейін тепсе темір үзетін балаң жігіт 1966 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, Қызыл тулы Тынық мұхиты флотында әскери қызметін өтейді. Әскер қатарында жүрген ол жауынгерлік және саяси дайындығы жағынан көзге түсіп, әріптестері арасында да үлкен беделге ие болған.

1968 жылдың 8 наурызында Валентин қызмет еткен «К-129» дизельді сүңгуір қайығы Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде әскери тапсырманы орындау барысында із-түссіз жоғалып кетеді. Оны іздестіру шарасы 73 тәулік бойы жалғасады. Бірақ одан еш нәтиже шықпайды. Тіпті, қазіргі кезге дейін сүңгуір қайықтың апатқа ұшырау себебі беймәлім болып отырған жайы бар. Бүгінгі күні суға батқан экипаж мүшелерінің ерлігі кейінгі ұрпақ, әсіресе, журавлевтіктердің жадында мәңгі есте сақтаулы деп айта аламыз.

Өйткені, 2010 жылы Журавлевка селолық округі әкімінің шешімімен Валентин Носачевтың атына көше беріліп, тұрған үйіне ескерткіш белгі қойылды. Ал, 2012 жылдың күзінде осы селодағы мектеп ауласына ескерткіш белгі орнатылып, даңқ аллеясы ашылды. Сол кезде марқұмның туған-туыстары мен әскери қызметтестері сөз сөйлеп, жерлес жауынгер туралы жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, әскери борыштарын адал атқарған жауынгерлердің есімдері ел есінде сақталатындығын атап өтті.

Осы күні қаһарман жауынгер Валентин Носачевтың есімі келер ұрпақтың санасында мәңгі өшпестей қалып отыр деуге болады. Бүгін 7 мамыр - Отан қорғаушы күні оның жерлестері қыршын кеткен ұланын еске алып, ескерткішінің басына гүл шоқтарын қойды.

Соңғы жаңалықтар