Бейбіт заманда бақытты балалардың күлкісін көрдім - жүз жастағы қызылордалық майдангер

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жүз жасаған қарт майдангер Яхия Тасыров биыл Жеңістің 77-ші көктемін қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Яхия Тасыров 1922 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Соғыс жылдары артиллерия әскери күштері құрамында Сталинград, Курск қалалары мен Беларусь, Польша, Германия елдеріндегі ұрысқа қатысқан. Ерлігі үшін көптеген орден және медальді кеудесіне тақты. Ғасыр-ғұмыр жасаған ақсақал Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанған.

Ресей жерінде жаумен шайқасқан ол станокты пулеметті оқтаушы болып жүрді. Ен далада 70 келі салмақты арқалап, талай рет ұрыстың бел ортасына түсті.

Ғасыр куәгері береке-бірлік бар жерде ғана істің алға басатынын, жастардың бейбіт күнде туған еліне адалдықпен, жанашырлықпен қарауы қажет екенін айтады.

«Заман жақсы, балаларым, біз тек соны бағалай білуіміз керек. Біз көрген аштық, қанды соғыс, бейнетке толы күндер сол күйі артта қалсын. Дұшпаныма да тілемеймін. Бейбіт заманда бақытты балалардың күлкісін көрдім. Оған да шүкір. Қазақстанның Тәуелсіздігі мәңгілік болып, пиғылы жамандардың кесірінен ел іргесі бұзылмасын», - деді ардагер.

1945 жылы тамыздың аяғында елге оралған ол кісі аудан орталығындағы сүт заводында қойма меңгерушісі болып табан аудармай он алты жыл еңбек етті. 1960 жылы Жалағаштың сүт заводында мастер, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс істеп зейнеткерлікке шыққан.

Қарт майдангер әлі де түрлі іс-шараларға белсене қатысып келеді. Жерлестері ол кісіні әрдайым құрмет тұтады.


Соңғы жаңалықтар