Бейбіт Шүменов дәмханадағы оқиғаның қалай болғанын айтып берді

None
Кадр из видео: instagram.com/beibutshumenov
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов әлеуметтік желіде тараған видеодағы жанжалдың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БАҚ және әлеуметтік желілерде тараған маған қатысты видео бойынша жағдай былай болды. Оқиғаның болғаны рас, бірақ тараған видеоның ракурсы менің абыройыма кері әсерін тигізді. Оқырмандар істің мән-жайына көз жеткізбей жатып маған тіл тигізіп, түрлі жағымсыз пікірлер жаза бастады. Өздеріңіз білетіндей, ақпарат ғасырында кез келген адамды жаман жағынан көрсетуге болады. Сондықтан түсініспеушіліктің алдын алу үшін бәрін өзім а«йтып берейін», - деп жазды Бейбіт Шүменов Instagram парақшасында.

Одан әрі боксшы оқиғаның қалай басталғанына тоқталды.

«Сол күні 8 жасар ұлым балалар алаңында ойнап жатты, ұлымды басқа бала арқасынан ұра бастаған. Не үшін ұрғанын түсінбей қалған балам әрірек барып ойнаған. Сәлден кейін әлгі бала ұлымды тағы ұруға тырысқан. Содан соң видеодағы ер адам баланы алып кетті. Ұлымның арқасы қызарып кеткен және сызат түскен. Ер адамға барып,»менің баламды ұрған сіздің ұлыңыз ба?» деп сұрадым. Ол маған агерссивті түрде «Иә, ұрды, не болыпты, маған не істей аласың?» деп жауап берді», - дейді ол.

Спортшының айтуынша, видеодағы ер адам зардап шекпеген.

«Оның жеңіл немесе орташа дене жарақатын алмағанын сот экспертизасы растап отыр. Қазір болған оқиғаға нүкте қойылды. Мені пиар үшін деп айыптағысы келетіндерге айтарым, маған ешқандай пиар керек емес. Теріс әрекеттерге қатысқым келмейді. Мен үшін адам болып қалу маңызды. Өмірде қателіктерге жол бермеу және бейбітшілік пен келісімде тыныш өмір сүру үшін өзімді рухани тұрғыдан тәрбиелеймін», - деп түсіндірді Бейбіт Шүменов.

Айта кетейік, бұған дейін қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген Бейбіт Шүменовтің қатаң жазаға тартылатыны хабарланды.

Кейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы боксшы Бейбіт Шүменовтің кісі ұру әрекетіне пікір білдірді.


Соңғы жаңалықтар