Бейбіт Атамқұлов жылыту маусымын дайындығы төмен өңірлерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жылыту маусымын дайындығы төмен өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы жылу беру маусымына сапалы және уақтылы дайындалу мақсатында министрлік жергілікті атқарушы органдармен 2020-2021 жылдардағы жұмыс жоспарын бекітті бекітілген жоспарға сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне: 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының 100 пайыздық дайындығын қамтамасыз ету; 2020 жылғы 15 қазанға дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала нысандарын, тұрғын үйлерді дайындауды аяқтау және барлық автономды жылу көздерін нормативтік отын қорымен қамтамасыз ету міндеті қойылды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні 11 158 білім беру нысаны жылу беру маусымына дайын. Бұл 99,6 пайызды құрайды. Білім беру нысандары бойынша Батыс Қазақстан облысында дайындық қарқыны төмен екені байқалады.

«Жылу беру маусымына денсаулық сақтау нысандарының 99,2 пайызы дайын. Бұл - 5 963 нысан. 2 өңірде объектілердің жылыту маусымына дайындығы төмен екені байқалады: Батыс Қазақстан облысында және Шымкент қаласында. Жөндеу жоспарланған 47 653 тұрғын үйдің 46 561 немесе 97 пайызы дайындалды», - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Сонымен қатар ол 3 өңірде,атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында нысандардың дайындық қарқыны төмен екенін айтты.

«Ауа райының нашарлауына және суықтың ерте түсуіне байланысты Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жылу беру маусымы мерзімінен бұрын басталды. Қалған өңірлерде 15 қазанға дейін жылу беру жоспарланған»,- деді министр.


Соңғы жаңалықтар