Бейбіт Атамқұлов Тәжікстан мен Қырғызстанға сапармен барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Тәжікстан мен Қырғызстанға сапармен барады. Бұл туралы елордада өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«18 мамырда Душанбеде Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен Орталық Азия елдері мен Жапония сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кезекті 7-ші отырысы өтеді. Кездесу барысында «Орталық Азия + Жапония» диалогына қатысушы елдердің сауда, инвестиция, туризм және өңірлік қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланатын болады», - деді ресми өкіл.

«Орталық Азия + Жапония» диалогы алғаш рет 2004 жылы Жапонияның бастамасымен шақырылған болатын. Бұл форматтағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына саяси және зияткерлік диалогты, ішкі аймақтық ынтымақтастықты дамыту, бизнесті көтермелеу, мәдени байланыстарды қолдау мәселелері кіреді.

Сонымен қатар Бейбіт Атамқұловтың Қырғызстанға ресми сапары және Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарына қатысуы жоспарланған.

«Тәжікстанға сапардан кейін Бейбіт Атамқұловтың Орталық Азия елдері бойынша сапары Қырғызстанда жалғасын табады. 19-20 мамыр аралығында оның Бішкекке ресми сапары өтеді. Сапар барысында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының 2019-2020 жылдарға арналған Қазақстан мен Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюы жоспарланған. Ресми сапар бағадарламасы аяқталғаннан соң, Бейбіт Атамқұлов 22 мамырда Бішкек қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сыртқы істер министрлерінің отырыстарына қатысады», - деді Айбек Смадияров.

Соңғы жаңалықтар