Бейбіт Атамқұлов құрылыс саласын цифрландыру жайында айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов құрылыс саласын цифрландыру жайында түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баспана халыққа қолжетімді болуы тиіс. Осыған орай тұрғын үй және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына жол бермеу үшін министрлік үш бағытта жұмыс істеп жатыр: біріншісі - құрылыс саласын цифрландыру, екіншісі - баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту, үшіншісі - құрылыс материалдары өндірісін дамыту», - деді Б. Атамқұлов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар ол құрылыс саласын цифрландыру тақырыбына тоқталды.

«Цифрландыру бизнес-процестердің ашықтығын, айқындығын білдіреді. Құрылыс объектілерін онлайн форматта, оның ішінде ақпараттық модельдеу технологияларын қолдана отырып модельдеуге мүмкіндік беретін Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі жүйесі енгізілуде. «Е-Құрылыс» жүйесі онлайн режимде шұңқырын қазудан бастап үйді пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесін бақылауға мүмкіндік береді. Үлестік қатысу шарттарын есепке алу үшін «Қазреестр» енгізілді. Ол жосықсыз құрылыс салушылардан үлестік құрылыспен баспана сатып алу тәуекелін барынша азайтады. Маркетплейс онлайн-платформасында компаниялар құрылыс материалдарын өндірушілерден делдалдарсыз тікелей сатып алады», - деді министр.

Оның айтуынша, «Е-Шаңырақ» платформасы - тұрғындардың жеке көмекшісі. Ол өз үйін басқаруда барлық ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Жалпы саланы цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар бюрократияны төмендетеді және құрылыстағы рәсімдерді оңайлатады», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар