Бейбіт Атамқұлов: Қазақстанның қорғаныс-өндірістік кешені шетелдіктермен серіктесуге дайын

Фото: None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс-өндірістік кешені саласында Қазақстан әлемдік компаниялармен серіктесе жұмыс атқаруға дайын. Бұл туралы «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі өтіп жатқан «ADVANCED DEF TECH» ғылыми-практикалық конференциясында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның қорғаныс-өндірістік кешенінің (ҚӨК) біздің елдің экономикасында маңызы өте зор. Экспорттық әлеуеті жоғары. Сонымен бірге, ол әскери қуаттылыққа ғана емес, азаматтық секторда да әсерін тигізеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында біз өз алдымызға қорғаныс-өндірістік кешенінің жұмысының тиімділігін арттыруды мақсат етудеміз. Біршама нәтижелеріміз де баршылық. Қазіргі таңда ҚР қорғаныс-өндірістік кешені - 9 мың жұмыс орынына ие құрамына 40 кәсіпорынды біріктірген ғылымды қажет ететін жүйе. Сондай-ақ, қосымша келісім шарттармен жұмыс атқарып жатқан алпысқа тарта компания бар. Соңғы уақытта біздің елде технологияның трансферті қамтамасыз етілген бірлескен кәсіпорындар жұмыс істей бастады», - дейді министр.

Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде Қазақстандағы кәсіпорындар әртүрлі әскери қарулардың түрлерін өндіріп жатқанын атап өтті.

«Десе де, Қазақстандағы ҚӨК-нің әлеуеті толығымен ашылмағанын айта кеткіміз келеді. Ары қарай саланы дамыту үшін терең жаңғыртуды жүзеге асыру керек. Біз кәсіпорындарымызды жаңғырту жоспарын жасап қойдық. Себебі, көптеген кәсіпорындар кеңестік корғаныс кешенінен қалған. Біз бұрынғы өндіріс базасы арқылы қаруландырудың жаңа түрлерін шығаруға көштік. Қазір бізге жаңа технологиялық жетекші жобалар керек. Сондықтан, біз барынша ашықпыз. Серіктестікке дайынбыз. Әлемдік ірі компанияларды біздің алаңға шақырамыз», - деді ол.

Министр өз сөзінде Қазақстанда өткен жылы Үкімет ғылымды дамытудың басымдықтарын жолға қойғанын атап өтті.

«Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде біз ғылыми-техникалық кеңес құрдық. Ол кеңес арқылы біз барлық әлеуетті жобаларды қарастырамыз. Бүгінгі күнде біздің тізімде елуге тарта әлеуетті жоба бар. Бұл ретте де серіктесуге дайынбыз. Біздің министрлік ашық диалогқа дайын», - деді министр.

Еске сала кетсек, кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі ашылған болатын. Көрме 26 мамырға дейін жалғасады. Көрмеге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзербайжан,Израиль, Италия сынды 40-тан астам елдердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ, Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, РФ, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорыны өз өнімдерін көрмеде ұсынып отыр. Көрмені ұйымдастырушы - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ болып табылады.

Соңғы жаңалықтар