Бейбіт Атамқұлов: ХХ ғасырдағы «Star Wars» ХХІ ғасырда шындыққа айналды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда автоматтандырылған басқару жүйелерінің, технологиялық процестердің қорғаныс жағдайы ерекше алаңдатады. Киберқауіпсіздік мәселелері талқыланған «KADEX-2018» көрмесінің алаңында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қорғаныс өнеркәсібі, ғарыш саласы және киберқауіпсіздік - бұл уақыттың әмірі. Бүгінгі таңда әлемдегі технологиялық компаниялардың конфигурациясы міне осы үш блоктан тұрады. Қазіргі таңда қорғаныс пен ғарыш бір арнаға тоғысып келеді. Ақпараттандыру, жоғары технологиялар, киберқауіпсіздік, қорғаныс, ғарыш - бәрі бірге бір трендпен келе жатыр. Қорғаныс, әскери және азаматтық салалардың шекараларын аңдап отырғанда, сол шекаралардың ақырындап өшіріліп келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл -уақыттың әмірі», - деп тұжырымын қайталады Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, ХХ ғасырда «Star Wars» киноларын көрсек, көз алдымызға елестете алмайтынымызды кітаптан іздеп отырсақ, бүгінгі күні оның бәрі шындыққа айналып шыға келді.

Бүгінгі таңда «KADEX-2018» көрмесі Қазақстанда бесінші рет өткізіліп отыр. Біздікіндей жас министрлік үшін бұл алғашқы көрме.

«Қазіргі таңда автоматтандырылған басқару жүйелерінің, технологиялық процестердің қорғаныс жағдайы ерекше алаңдатады. Осымен қатар олардың саны жыл сайын әлемде біршама өсіп келеді. Киберқылмыс саласын ауыздықтаудағы сарапшыларының айтуынша, технологиялық желілер хакерлік шабуылға осал болып отыр. Сонымен қатар, технологиялар желілердегі тез тарайтын қауіпті бағдарламалардың зияны айтарлықтай алаңдатады. Бұған қоса өнеркәсіптік саладағы желілерде оның зардабын жою аса күрделі», - дейді ол.

Министр сондықтан «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі әртүрлі мемлекеттердің киберқауіпсіздік саласында тәжірибе алмаса алатынын айтты.

Еске сала кетсек, кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі ашылған болатын. Көрме  26 мамырға дейін жалғасады. Көрмеге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Израиль, Италия сынды 40-тан астам елдердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ, Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, РФ, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорыны өз өнімдерін көрмеде ұсынып отыр. Көрмені ұйымдастырушы - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ.

 

Соңғы жаңалықтар