Бейбіт Атамқұлов ЕҚЫҰ-ның төрағасымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов ЕҚЫҰ төрағасы, Словакия Сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчакпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М. Лайчак ЕҚЫҰ төрағасының Орталық Азия елдеріне дәстүрлі іссапары аясында Қазақстанға келді.

«Бүгін әріптесіммен ЕҚЫҰ күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқыладық. Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегі, алдағы жоспарларға баса мән берілді. Келіссөздердің басты тақырыбы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының ЕҚЫҰ шеңберінде Еуразиялық кеңістіктегі кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалары болды», - деді Бейбіт Атамқұлов ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Атап айтқанда, 2020 жылы Хельсинки Қорытынды актісінің 45 жылдығына арналған Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференцияны ұйымдастыру және ЕҚЫҰ, АӨСШК және АСЕАН хатшылықтары арқылы ынтымақтастық қатынастарын орнатуды талқылады.

«Бүгін біз ЕҚЫҰ барлық жауапкершілік аймағы бойынша ұйым құрылымдарын біркелкі орналастыруды, ұйым қызметінің тиімділігін арттыру үшін далалық миссияларды жаңа форматқа көшіру мүмкіндігін талқыладық. Осындай болашақ форматтардың бірі ретінде, ұйымның экономикалық және экологиялық өлшемдерінің мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыратын ЕҚЫҰ тұрақты өзара байланысы жөніндегі тақырыптық орталық құру бастамасы қаралуда», - деді Бейбіт Атамқұлов.
null

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, Қазақстан мен Словакия ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.

«Өткен жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығын атап өттік. Бұл маңызды жылда Қазақстанға Словакияның Премьер-министрі Питер Пеллегрини алғашқы ресми сапармен келді, сауда-экономикалық ынтымақтастық және саяси консультациялар бойынша үкіметаралық комиссия отырысы өтті. Жалпы келіссөздер қорытындысы бойынша, біз барлық деңгейдегі диалогты күшейтуге және ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған күш-жігерді жалғастыруға уағдаластық», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Соңғы жаңалықтар