Бейбіт Атамқұлов биылғы өнеркәсіп өндірісінің көлемін жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы 9 айдың қорытындысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жыл деңгейінде сақталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде биылғы 9 айдың қорытындысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жыл деңгейінде сақталды. 12 өңірде оң нәтиже көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 3,3 пайызға өсті. Бұл өсім қағаз өндірісі, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика сияқты салалар есебінен болды. Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс 16,6 пайызға өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 51,6, өзге көлік құралдарын жасау 100,4, электр жабдықтарын жасау 3,5, машиналар мен жабдықтар өндірісі 3 пайызға өсті», - деді министр.

Оның дерегінше, түсті металлургияда нақты көлем индексі 2,2 пайызға артты.

Оған тазартылған алтын 3, раффинирленген мыс 8, құйма алтын өндіру 31, түйіршіктердегі күміс 27, бастапқы алюминий 1 пайызға және басқа да көрсеткіштердің өсуі есебінен қол жеткізілді. Қара металлургияда өсім 0,1 пайыз болды.

Ферроқорытпа өндірісі 0,4, арматура прокаты 11, ферро-силико-марганец 9, арматуралар, шарлар және домалақ шыбықтардың тауар өндірісі 3,7 пайызға өсті.

«Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 39,8 пайызға артты. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 14,1 пайызға өсті. Ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 6,4, киімнің 1 және былғары өнімдердің 110,4 пайызға ұлғаюына байланысты болды. Қағаз және қағаз өнімдері өндіріс көлемінің өсімі 15,1 пайызды құрады», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар