Бейбарыс емес, Байбарыс: мәмлүктанушы Қайрат Сәки сұлтан есімін дұрыс айтуды баба аруағына құрмет деп санайды

None
КАИР. ҚазАқпарат – Сұлтан есімін Байбарыс деп дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның аруағына деген құрмет пен тағзым белгiсi деп санаймыз. Бүгін Мысыр астанасы Каир қаласында Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешітінің салтанатты ашылуына қатысқан қазақстандық ғалым, мәмлүктанушы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Қайрат Сәки осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тарихи әдiлеттiлiктi орнату тек жалпыда ғана емес, жалқыда да болу керек деген уәждi басшылыққа алсақ, сұлтан Байбарыс есiмiнiң елiмiздiң бұқаралық-ақпарат құралдары арқылы да, ауызекi тiлде де бұрмаланып, қате түрде айтылып және жазылып келе жатқандығы – өкiнiштi жайт. Сұлтан есiмiнің Бейбарс деп бұрмаланған нұсқасы қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген. В.Тизенгаузеннiң 1884 жылы жарық көрген «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» еңбегiнде алғашқы рет орыс тiлiнде сұлтанның есімі Бейбарс түрінде ұшырасады. Алайда В. Тизенгаузен: «За правильность многих других татарских имен я не ручаюсь вследствие страшной неурядицы, которую мы находим в этом отношении у различных писателей или, правильно, в различных рукописях, передающих имя одного и того же лица на всевожможные лады. Установление настоящей имени каждого из этих лиц будет зависеть уже от дальнейших разысканий», – деп бұл мәселені бізге қалдырған», - деп атап өтеді ғалым Қайрат Сәки.

Оның айтуынша, мәмлүк дәуiрiне қатысты атаулар қазақ тiлiне орыс тiлi арқылы кiрген. Бұл ретте ғалым «бай, бек, би және бей сөздерiнiң түбiрi бiр» екенін, алайда қазақ тiлiнде жүзден астам «бей»-ден басталатын сөздердiң көпшiлiгi парсы тiлiнен енген «бей - терiске шығару» қосымшасының көмегiмен жасалған сөздер екендiгiне назар аудартады.

«1245 жылы Мысырда жазылған «Қыпшақ-араб сөздігінде» Байбарыс. Сөздікте Байбарыс сөзінің бірінші буыны «бай» (бай ол кезде бек мағынасында жұмсалған) арабша «амир», ал «барыс» сөзі «фаһд» дегенді білдіреді деп, «амир фаһд» деген екі сөзден тұрады деп жазылған. Араб тілді мұсылман тарихшылары Байбарыс сұлтанның атын жіктеп мағынасын ашып жазып кеткен. Араб тілінде ай дифтонгы ауызекі тілде ей деп оқылғанымен (шейх, сейд, Бейбарс), әдеби классикалық тілдің нормасы бойынша шайх, саид, Байбарс деп оқылуы тиіс. Байбарыс есіміндегі бай сөзі қыпшақ мәмлүктер кезінде әмір, бек деген мағынаны білдірген. ХІІІ ғасырда бай, би, бек деген сөздердің аражігі ашылмаған, бай сөзі дәулетті деген мағынаны білдірмеген», - дейді ғалым.

Оның пайымына сәйкес, мәмлүк қыпшақтар заманын айтпағанда, олардан кейін 300 жыл өткенде бей сөзі емес, бай сөзі осман билігі кезінде әкімшілік мансапты да білдірген.

«Бей сөзі араб тілінен түрік тіліне қайта кірген бай деген түркі сөзінің ауызекі формасы болуы әбден ықтимал. Египетте білім алғандар, ұзақ тұрғандар бей сөзінің әлі де кең қолданыста екендігін растайды деп ойлаймын. Жоғарыда айтылғандарды тұжырымдай келе, сұлтанның дұрыс аты Байбарыс екені даусыз деп санаймыз.

Бiрiншiден, ХІІІ ғасырда бай, бек, би сөздерінің мағыналық аражігі ашылмаған, бай сөзі дәулетті деген мағынаны емес, бек, бірінші, басты, бас деген ұғымды білдірген;

Екіншіден, сол кездегi қыпшақ, жалпы алғанда түркi есiмдерiн зерттеп қарағанда бай сөзi, көбiнесе ХIХ-ХХ ғасырлардағыдай емес, адам атының басында келiп отырған. Мысалы, Байбарыстың замандастарының аттарын ғана мысалға келтiрсек: Байғара, Байдара, Байтуған, Байтемiр, Байсары және т.б.

Үшіншiден, ортағасырлық тарихшылардың басым көпшiлiгi өз еңбектерiнде сұлтанның атын Байбарс деп көрсетiп отырған.

Төртіншіден, ғылыми қолданыста, оның ішінде ағылшын, француз, немiс тiлдерiндегi еңбектерде Baіbars, Baybars деп жазылады.

Бесіншіден, бей сөзі кең қолданыстағы түрік тілінде сұлтанның аты Baybars деп жазылады. Қорыта келгенде, қазақ даласының перзентi сұлтан Байбарыс түркiнiң қара шаңырақ иесi Қазақстан үшiн бұл күндерi беймәлiм Бейбарс емес, өз заманының және кейiнгi тарихшылардың еңбектерiнен өзiне лайық орын алған, дін жолында күрескен, тарихта терең iз, артына мол материалдық мұра қалдырған даңқты тарихи тұлға. Сондықтан сұлтан есімін дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның аруағына деген құрмет пен тағзым белгiсi деп санаймыз», - деп түйіндейді Қайрат Сәки.


Соңғы жаңалықтар