Бетперде киіп 83 жастағы кейуананы тонаған ақмолалық ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Ақкөл ауданында 83 жастағы кейуананы тонап кеткен бұзақы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, 2019 жылдың 19 тамызында Ақкөл аудандық полиция бөліміне Новорыбинка ауылында тұратын 83 жастағы қарт әйелге қарсы бұзақылық жасалғаны туралы хабарлама түскен. Қылмыс таңғы төртте тіркелген.

«Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бұзақының бетінде қара бетперде болғанын анықтады. Үйге басып кірген қарақшы әйелді еденге құлатып, аяқ-қолын матап байлап тастаған. Осыдан кейін қоқан-лоқы көрсетіп, 75 мың теңге ақшасын алып кеткен», - деп хабарлайды департаменттен.

Дәл сол күні құқыққорғаушылар зардап шеккен зейнеткердің үйіне жақын маңда тұратын 44 жастағы күдіктіні қолға түсірген.

«Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам кейуананың үйінде ірі сомада ақша барын естігеннен кейін қылмысқа барған. Қылмыс жасамас бұрын күдікті жұмыстан біржолата шығып, таныстарына ауылдан кететінін алдын ала айтып жүрген. Ал шынтуайтында бұзақы қылмысын іске асыру үшін иесіз қалған нысандардың бірін паналай тұрған», - деп хабарлайды тәртіп сақшылары.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің «тонау» бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар