Бетперде киген қарақшылар бизнесменнің үйіне баса-көктеп кіріп, тонамақ болған

None
None
АҚСУКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облысының тәртіп сақшылары кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық шабуыл қылмысын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекшілік «102» нөміріне жергілікті кәсіпкерден «үйіме қарақшылар шабуыл жасады» деген хабарлама келеді. Оқиға орын алған жерге шұғыл басқарма бастығы мен жедел-тергеу тобы жетеді.

«Жәбірленушілердің сөзіне қарағанда, қаруланған және бетперде киген белгісіз адамдар қарақшылық шабуыл жасаған кезде үйде күйеуі мен әйелі және кәмелетке толмаған үш баласы болған. Ер адам қарсылық көрсетіп, үйдің ішінде айқай-шу шыққан соң қарақшылар ештеңе алып үлгерместен көліктеріне мініп, ізін суытқан. Аталмыш жайттың негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасалған қылмыстың қатаңдығын ескере отырып, облыстың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінен және Сайрам АПБ тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы топ құрылды. Қылмысты ашумен қатар қылмыскерлерді ұстау үшін үш күн жұмсалды. Осы күндер ішінде полицейлер көршілерден сұрақ-жауап алып, маңайдың барлығын тегіс шолып шықты. Сөйтіп, қылмыскерлердің жүріп өткен жолын түгел зерделеді» делінген хабарламада.
null

Атқарған жұмыстың нәтижесінде жедел-тергеу тобы қысқа мерзімнің ішінде ауыр қылмысты ашты. Бес күдіктіні полицейлер тұрғылықты мекенжайынан және Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерден ұстайды. Оның екеуі - Шымкент қаласының, ал қалғандары - Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілердің төртеуі - бұрын ұрлық пен тонау бойынша сотты болғандар . Ұсталған азаматтардан екі газ тапаншасы мен «Сайга 410» аңшы мылтығы, шолақ аңшы мылтығы тәркіленді.

«Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтайды» дейді департаменттің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар