Бестөбедегі кен орнының күзетшілері уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бестөбедегі «Қазақалтын» ТМК» ЖШС шахтасында орын алған оқиғаға байланысты, аталған кен орнының екі күзетшісі уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып, үстерінен ҚР ҚК 252-бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі өндірістік іс қозғалды.

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Еске сала кетсек, 16 маусым күні кешкі 20:30 шамасында Бестөбедегі «Қазақалтын» ТМК» ЖШС шахтасында жұмыс ауысымы аяқталар сәтте кен орнының күзетшілері мен жұмысшылары қақтығысып қалған болатын. Осының салдарынан 10 шақты адам зардап шекті. Кейін Степногор қаласының жергілікті атқарушы органдары мен прокуратураның, облыстық ІІД мен қалалық ІІБ басшылығының түсіндіру жұмыстарынан соң адамдар үйлеріне тарап, дауды шешу үшін дөңгелек үстел өткізу ұйғарылған болатын.

«Аталған факт бойынша ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлімі 2-бөлігіне («Бұзақылық») сәйкес сотқа дейінгі жүргізілген тергеу амалдары барысында күзет фирмасының қызметкерлері қызметтік қаруды қолданғаны анықталды. Сондай-ақ, олардың қызметтік қаруды ұстауға рұқсаттары болған.

Дегенмен, қазіргі кезде, күдіктілер, яғни, аталған кен орнының екі күзетшісі уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып, үстерінен ҚР ҚК 252-бабының 2-бөлімі бойынша (қару және арнайы құралдарды қолданғанда жеке күзет қызметі қызметкерлерінің өкілеттікті асыра пайдалануы) сотқа дейінгі өндірістік іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда», деп көрсетілген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар