Бесік жасауынан ұлттық нақышты көргім келді – атыраулық шебер

None
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық шебер бесік жасауын ұлттық нақышпен тігеді. «Әр тігісті жүргізгенде, бөбекке қуаныш сыйлағанын іштей тілеп отырамын» деген ҚазАқпарат тілшісіне Гүлзия Исембаева тігіншілікке бет бұру себебімен бөлісті.

Г.Исембаеваның айтуынша, бұрын оның әулетінде тігіншілікпен айналысатындар болмаған. Ал өзі бірнеше жыл бұрын құрылыс индустриясында инженер-эколог болып жұмыс істеген.

«Тігіншілікті қолға алғанымда, бұл қадамыма таңданыспен қарағандар көп болды. Себебі, бұрын мұндай іске бет бұру ойымда болған жоқ еді. Тұңғыш қызым бойжеткен соң материалдық, қаржылық игіліктер бала қуанышын алмастыра алмайтынын ұғындық. Сол кезде бала сүйсек деген ойға бекіндік. Осыны сезген болуы керек, қызым бесік тербетіп отырған ананың суретін сыйлады. Тіпті, ағайын-туыс, дос-жаран балаларына кіндік шеше болуымды өтіндік. Ешқайсысына қарсы болмадым. Қолқа салғандардың бөбегіне қажетті дүниелерді іздегенде, ұлттық нақыштағы түрлері табылмағанына қынжылдым. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолыма іс тігетін машинка алып, бесік жасауын тігуді бастадым», - дейді Гүлзия Исембаева.

Бұл үшін бұрынғы жұмысынан бас тартқан. Сөйтіп, өзі дизайнерлікті де, тігіншілікті де меңгерген.

Оның шебер қолынан шыққан бесік жасауын тапсырыспен алдыратындар көбейген. Тапсырыс берушілер бесік жасауын АҚШ-та өмірге келген немересіне, Оңтүстік Кореяда өсіп жатқан жиендеріне жіберген. Ресей Федерациясының Астрахан, Орынбор облыстарындағы қандастардан да тапсырыс түскен.

«Бесіктің әр жасауын бар ынтаммен тігуге тырысамын. Өйткені, бесік жасауы кішкентай сәби үшін жайлы, ата-анасына, сол отбасындағы адамдарға ұнайтындай әдемі болуы керек. Ұлттық нақыштағы оюды салу үшін арнайы құрылғыны пайдаланамын. Осы істі қолға алғанда, бесік жасауынан ұлттық нақышты көргім келді», - дейді жергілікті шебер.

Тігіншінің айтуына қарағанда, сәби сүюді аңсаған жұптар бесік жасауын сатып алады екен. Кейін сүйінші сұрап, қуанышымен бөліскендері бар.

«Қазақ – ырымшыл халық. Бесік жасауын ырымдап алғандар да сәби сүйгенін қалаймын. Сол себептен, бұл кәсіпті табыс көзі емес, адамдар қуаныш, бақыт сыйлаудың жолы деп есептеймін», - дейді Гүлзия Исембаева.

Еске салайық, бұған дейін асау үйретіп, ат үстінен садақ ататын атыраулық оқушы қыз туралы жазған едік.


Соңғы жаңалықтар