СҚО: Әрбір төртінші жол апатынан жаяу адамдар жапа шегеді
2022 жылғы 9 тамыз 04:21

СҚО: Әрбір төртінші жол апатынан жаяу адамдар жапа шегеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 200-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның әр төртіншісінде жаяу жүргіншіні көлік қаққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолдарда жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында іс-шаралар жүргізіліп келеді. Облыс жолдарында 7 ай ішінде 184 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 43-і – жүргіншілерді қағып кету фактісі. Дәлірек айтқанда, бұл әрбір төртінші жол апаты. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 45-і жарақат алған. Оның ішінде 19 жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған.

Көбінесе петропавлдықтар «Алтын арман» және «Тайга» базарлары маңында жолдың белгіленбеген жерінен өтіп, өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігеді. Бұл көшелер облыс орталығындағы автокөлік ағыны көп қауіпті учаскелердің бірі. Рейдтің екі сағаты ішінде көшені белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 6 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ полицейлердің көзінше кішкентай балалары бар аналар жолдан өткен. Олардың бірінде бесікарба болған.

«Жазғы демалыс кезінде қала көшелерінде балалар саны артады. Олар көп жағдайда ата-ана әрекетін қайталайды, яғни жолдан өту дағдылары да ересектерге қарап қалыптасатынын түсінген жөн. Ертең балалар сізге еліктеп жолға шығып кетуі мүмкін. Айта кететін жайт, жолда зардап шеккендердің жетеуі – кәмелет жасына толмағандар. Қазіргі уақытта полицейлер «Қауіпсіз жол» акциясы аясында жұмыс істеп жатыр. Ол 19 шілдеде басталды. Осы уақыт ішінде жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін 606 жаяу жүргінші және жол қозғалысының өзге де қатысушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соңғы екі аптада тек Петропавлда ғана 100-ге жуық жаяу жүргінші жол ережесін бұзды», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.

Фото: tengrinews.kz


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT