Бешикташ футбол клубына демеушілік ұсынған жоқпыз - Эйр Астана

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Эйр Астана» әуе компаниясы түркиялық Бешикташ (Beşiktaş) футбол клубының стадион шатырын жаңартуға демеушілік ұсынғаны туралы ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін түркиялық fotospor.com, duhuliye.com және karakartal.com ресурстарында, ресейлік championat.com сайтында «Эйр Астана» компаниясының оңтүстіккореялық, британиялық және ресейлік компаниялармен қатарласып Бешикташ футбол клубының стадион шатырын жаңартуға демеушілік ұсынғаны туралы мәлімет жарияланған болатын.

Әуе компаниясының баспасөз қызметі ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында бұл мәліметті жоққа шығарды.

«Бұл жаңалықтағы біздің компаниямызға қатысты ақпарат шындыққа жанаспайды. Әуе компаниясы аталған клубқа ешқандай демеушілік ұсыныс жасамаған», - делінген жауапта.

Сондай-ақ, «Эйр Астана» компаниясы өздері туралы жалған ақпаратты кімдер қандай мақсатпен таратқанын анықтамайтынын, сәйкесінше ешқандай шара қабылдамайтындарын мәлім етті.

Еске салсақ, әуелі Түркия сайттарында, кейін Ресей сайттарында бірнеше елдің ірі компаниялары Beşiktaş футбол клубына демеушілік ұсынғаны хабарланды.

Оның арасында қазақстандық «Эйр Астанамен» бірге ресейлік «Газпром» бар екені айтылған.


Соңғы жаңалықтар