Бес жыл бұрын Таиландта су басқан үңгірден құтқарылған бала қайтыс болды

None
СИНГАПУР. ҚазАқпарат - 2018 жылы Таиландта су басқан үңгірден құтқарылған 12 баланың бірі Дуангпетч Промтеп (Duangpetch Promthep) Ұлыбританияда қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Жасөспірім өлімінің себебі белгісіз, оның басынан жарақат алғаны хабарланды.

Өткен жылдың соңында 17 жасар Дуангпетч Промтеп Лестершир графствосындағы Брук Хаус колледжінің (Brooke House College) футбол академиясына түсті.

Промтеп Таиландтың «Wild Boars» («Жабайы қабандар») жасөспірімдер футбол командасының капитаны болды. Бұл команда 2018 жылы жаттықтырушысымен бірге Чианграй провинциясындағы су басқан үңгірде екі апта қамалып қалған еді.

Жасөспірімнің анасы оның қайтыс болғанын Чианграйдағы Ват Дои Вао (Wat Doi Wao temple) ғибадатханасының өкілдеріне хабарлады. Бұл қайғылы жаңалықты командадағы кей жолдастары әлеуметтік желідегі аккаунттарында бөлісті.

Ғибадатхана өкілдері жасөспірімнің отбасына көңіл айтты.

Промтепке Англияда оқуға стипендия алуға көмектескен Таиландтың Zico Foundation коммерциялық емес ұйымы да Facebook-тегі ресми парақшасында көңіл айтты.

Промтеп - 2018 жылы 23 маусымда жаттықтырушымен бірге Тхам Луанг үңгіріне барған «Жабайы қабандар» футбол командасының мүшесі. Кенеттен нөсер жауын жауып, үңгірді су басты.

Сол кезде ол 13 жаста, ал оның командалық жолдастары 11-16 жас аралығында болды.

Ұлдар мен жаттықтырушысы су басқан үңгірде екі апта өткізді. Оларды іздеу-құтқару операциясына 100-ге жуық тайландтық және шетелдік сүңгуір қатысты.

Тхам Луанг - Таиландтың үлкендігі жағынан төртінші үңгірлер жүйесі. Бұл команданың сүйікті орындарының бірі еді.

Футбол командасының құтқарылуын бүкіл әлем қадағалап отырды. Өткен жылы Netflix осы таңғажайып құтқару оқиғасы туралы шағын сериал түсірді.

Фото: Getty Images


Соңғы жаңалықтар