Бес өңірде қой бордақылау алаңдарының желісі құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елімізде қой шаруашылығын дамыту жоспары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қой шаруашылығында негізгі міндет мал басы санын көбейту және зәкірлік кооперацияны дамыту болып табылады. Қой шаруашылығындағы зәкірлік кооперацияның жобасы Жамбыл облысында сәтті жүзеге асырылуда. Казіргі уақытта Алматы облысында Бауман неміс компаниясымен қой етін қайта өндейтін заманауи ет комбинатын салу бойынша жобасы пысықталып жатыр», - деді С. Омаров Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, кәсіпорынды жыл бойына жұмыспен қамтамасыз етуге бес өңірде бордақылау алаңдарының желісін құру жоспарланған. Осы орайда, бордақылау алаңдарын салу кезінде инвестициялық шығындарды өтеу бойынша субсидиялау министрлікпен қарастырылды.

«Былтыр 1059 шаруашылық 374 мың бас қойды сатып алуға қаржыландырылды. Биыл жоспарға сәйкес 360 мың бас қойды сатып алуға қаржыландыру жоспарланған. Казіргі уақытта нақты 28 мың бас қаржыландырылды. Бірақ көпшілік облыстарда бұл жұмыстар әлі басталмағанын назарға аударамын», - деді министр.

Оның пайымынша, экспортты арттыруда қой шаруашылығының әлеуеті жоғары.

«Біздің кәсіпорындардың қозы етін Парсы шығанағы елдеріне және Қытай нарығына экспорттауда оң тәжірибесі бар. Алайда фермерлік шаруашылықтардың мал басын көбейтуге төмен қызығушылығын ескеріп, биыл министрлік салалық одақпен бірлесіп, қой шаруашылығының қолданыстағы қолдау шараларын қайта қарады. Субсидиялау механизмдері пысықталды. Тиісті өзгерістер жобасы мемлекеттік органдарда келісілуде», - деді С. Омаров.


Соңғы жаңалықтар