Бес мемлекет Каспий құқықтық мәртебесі аясында рәсімдерді орындап жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Cенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Конвенцияға 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан президенттері қол қойды. Бұл құжаттың қол қойылуына 25 жылға созылған келіссөздер себепші болды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау саммитінде сөз сөйлеу кезінде конвенцияны Каспий теңізінің конституциясы деп атап, бұл құжат өңірдегі қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеудің кепілі деп мәлімдеді», - деп тоқталды ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша мәселелер тараптардың айрықша құзыретіне жатады. Мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендік теңдігін құрметтеу, күш немесе күшпен қорқытуды қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау секілді қағидалар негізінде жүзеге асыралатын болады. Каспий теңізінің акваториясы әртүрлі құқықтық режімдерде болатын ішкі сулар, аумақтық сулар, балық аулау аймақтары және ортақ су кеңістігі белгіленді. Аумақтық сулар ені 15 теңіз милінен аспайды. Ал олардың сыртқы сулары теңіздегі мемлекеттік шекаралар болып бекітілді.

Оның айтуынша, Каспий теңізінің түбі мен қойнауын секторларға бөлу жалпы мойындалған қағидалар мен халықаралық құқықтық нормаларды назарға ала отырып, шекаралас және қарама-қарсы орналасқан мемлекеттердің уағдаластықтары бойынша, яғни мүдделі мемлекеттердің арасындағы жеке келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

«Біздегі ақпаратқа сәйкес Каспий жағалауындағы барлық мемлекеттер конвенцияны ратификациялау үшін қажетті ішкі рәсімдерді орындауға кірісіп кетті. Өткен жылдың 14 желтоқсанында Түрікменстан жағы оны ратификациялау процесін аяқтағанын хабарлады», - деді М. Тілеуберді.

Өз кезегінде Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева конвенцияға қол қойылу оқиғасы үлкен жетістік екенін атап өтті.

«Ақтауда тарихи құжатқа қол қойылғанын білесіздер. Көп жылдар бойғы жүргізілген келіссөздер нәтижесінде тиісті жетістікке қол жеткіздік. Сондықтан конвенцияға қол қойылу оқиғасы тек біздің ғана емес, сонымен қатар барлық Каспий маңы елдерінің жеңісі», - деді Д. Назарбаева.

Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасына қолдау білдіріп, Сенаттың жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың тамызында Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммитінде бес елдің басшысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар