Бес айда 23 мыңнан астам жамбылдық жұмыспен қамту шараларымен қамтылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыс әкімдігінде өткен кезекті аппараттық кеңесте халықты жұмыспен қамту мәселелер сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков «Еңбек» бағдарламасы бойынша биыл 14,9 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады.

31 мамырдағы жағдайға сүйенетін болсақ, облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 23 098 адам қамтылып, жоспар 57,5 пайызға орындалған.

Барлығы 345 жамбылдық 1404,3 миллион теңге көлемінде шағын несие алса, 2 810 жамбылдық 1 639,4 миллион теңге көлемінде грантқа ие болған.

«Қайтарымсыз гранттар бойынша облыстық көрсеткіш 74,3 пайызды құрағанымен, Байзақ және Меркі аудандарында бұл көрсеткіш 35,7 пайыз және 50 пайыз денгейінде, яғни облыстық деңгейден төмен сатыда қалыптасқан» , - деді Ж.Баубеков.

Әлеуметтік жұмыс орындарына 1 226 адам жіберілсе, оның ішінде 138-і тұрақты жұмысқа орналасқан.

746 түлек жастар тәжірибесі бойынша жолдама алса, оның ішінде 61-і тұрақты жұмысқа тұрған.

«Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына көмектесу. Ал ол үшін бөлінген қаражатты, бірінші кезекте, гранттар мен шағын несиелер бойынша уақытылы және толық көлемде игеру қажет. Бес ай өтті, біз әлі де жұмысты жүйелендіре алмай отырмыз. Аудан мен облыс орталығының әкімдеріне жоспарды орындау бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Біз өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бірден бірнеше адамды жұмысқа алуына қол ұшын беруіміз керек», - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қатысты бірқатар ескертулер айтты.

«Тұрғындар мемлекеттік қолдау шараларынан, олар бойынша қайда жүгіну керектігінен хабарсыз, сондықтан ақша уақытылы игерілмейді. Халықпен кері байланыс орнататын уақыт жетті», - деді ол.

Бердібек Сапарбаев егер сұранысқа ие мамандарды оқытсақ, жұмыссыздық деңгейі төмендейтіндігін алға тартты.

«Біз жұмыссыздықты қолдан жасамауымыз керек. Білім гранттарын таратпас бұрын, сұранысқа ие мамандықтың тізімін жасаңыздар. Қазір облыста бірнеше жаңа зауыт салынып жатыр, қолданыстағы зауыттар кеңейтілуде. Оларға қандай мамандар қажет екенін анықтау керек», - деп тапсырды облыс әкімі білім басқармасына.

Сондай-ақ, аймақ басшысы мемлекеттік органдар қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс жасай алмай отырғандығын тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар