Бес әлеуметтік бастама: жатақханалар оқу орнына жақын маңда салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша студенттерге жатақхана тұрғызу жұмыстары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Жатақхана мәселесін күн сайын бақылауда ұстап отырмыз. Мемлекеттік тапсырыспен және ақылы негізде оқитын студенттер бар, шетелдік ЖОО-лардан ауысып келгендер бар. Сәйкесінше, қажеттілік те артып келеді. Қазіргі уақытта республика бойынша 89 386 орын қажет (ЖОО-да - 64 436 орын, колледжде - 24 950 орын). Әсіресе, Алматы мен Астана, Шымкент қалаларында орын тапшылығы қатты сезіліп отыр. Бұл мәселені шешу үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Ең алдымен, қаржыландыру тұрғысында үш жылға арналған республикалық бюджет Парламентте қаралып жатыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жатақхана орындарымен қамту шығыны 15 млрд теңгені құрады. Осылайша, 2019-2021 жылдары 45 мың жаңа орын ашу жоспарланып отыр», - деді Бибігүл Асылова «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында өткен жастарды қолдау туралы комиссия отырысында. 

Екіншіден, 2019-2020 жылдары жүзеге асыру жоспарланған жобалардың бәріне жер учаскесі берілген. 

«Құрылыс ретінде белгіленген 156 жер учаскесінің 105-і қазірдің өзінде білім ұйымдарына тиесілі. Өздеріңіз білетіндей, ЖОО, колледждердің аумағы кең және олар өз аумағында жатақхана тұрғыза алады. Қалған 51 жер учаскесі әкімдіктен бөлінді. Әкімдіктерден оқу орнына жақын маңнан жер телімін бөлуді сұраған едік. Сол үшін жергілікті атқарушы органдарға алғыс айтқым келеді. Үшіншіден, қазіргі уақытта 33 жер телімінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. 43 жер учаскесінің құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін бұл процедура толық аяқталады», - деді Б. Асылова. 

Сонымен бірге, жатақханаларды пайдалануға беруге қажетті нормативтік базаның барлығы қабылданды. 

«Біз өз түзетулерімізді таныстырғанда депутаттар әрі қарай осы процесті реттейтін тиісті нормативтік-құқықтық актілер қажет екенін айтты. 18 қыркүйекте барлық заңнамалық актілер Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл актілер биыл 2 қазанда күшіне енеді», - деп сөзін түйіндеді вице-министр. 

Еске сала кетсек, 2018 жылдың 5 наурызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Үндеудің үшінші бастамасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға арналған. Атап айтқанда, Елбасы жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөліп, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. 

 

 

Соңғы жаңалықтар