Бес әлеуметтік бастама: Шағын несиенің 85% Үкімет кепілдендіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасында айтылған шағын несиелеу сомасының 85%-іне Үкімет тарапынан кепілдік беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы  Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Былтыр «ҚазАгроКепілдік» АҚ және «Даму» қоры 414 несиеге кепілдік берген болатын. Биыл бұл жоспар екі есе көбейіп, Үкімет тарапынан 800 кепілдік беріледі. Кепілдік көлемі жалпы несиелеу сомасының 85 процентін құрайды. Мәселен, бір миллион теңге несиенің 850 мың теңгесіне Үкімет кепілдік береді, қалған 150 мың теңгеге несие алушы ауылдағы малын, жерін немесе басқа бір жылжымайтын мүлкін кепілдікке қоя алады», - деді Жеңісбек Дулатов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі «Шағын несие беруді көбейту» деп аталады. Онда өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беріледі.

2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан, Елбасы 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады.

Соңғы жаңалықтар