Бес әлеуметтік бастама: Шағын несие алу үшін не істеу керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов шағын несие берудің талаптары мен жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, биыл Қазақстан тұрғындарына 14 мың шағын несие беру көзделген, оның 11 мыңы - ауылдық жердегі тұрғындарға берілетін болса, қалған 3 мыңын - қалалар мен моноқала тұрғындары алады.

«Нарықта 3 жылдан астам жұмыс істеген кәсіпкерлерге шағын несие берілмейді. Мұнда жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және кәсіпкерлікті жаңадан бастаған үміткерлерді, фрилансерлерді қаржыландыруға басымдық беріледі», - деді Жеңісбек Дулатов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, департамент басшысы ауыл тұрғындары өнімін өткізу үшін ірі өңдеуші компаниялармен келісімшарт бекітуде көмек көрсетілетінін еске салды.

«Ауылдық жерлерде дайын өнімді сататын нарық аз, тұрғындар тауарды қайда сататынын білмейді. Сондықтан, зәкірлік ауылшаруашылық кооперациялары үшін 10 миллиард теңге қарастырылған. Қаржыландыру ірі өңдеу компанияларымен келісімшартқа қол қою нәтижесінде жүзеге асырылады», - деп өз сөзін толықтырды ол.

Баспасөз мәслихатында Жеңісбек Дулатов шағын несиелеудің шекті көлемдерін атады. Ауыл тұрғындары үшін 6 млн теңгеге дейін, зәкірлік кооперациялар үшін - 12 млн теңгеге дейін несие беріледі. Алматы, Астана, Ақтау мен Атырау тұрғындары үшін несие көлемі - 19 млн теңгеден, ал өзге қала тұрғындары үшін - 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Қаржыландыру мерзімі жылына 6%-ке дейін 7 жылға дейін созылады.

«Шағын несие алғысы келгендер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалдарына бара алады. Әрі қарай «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша ең кемі 25 күн оқуы тиіс. Оқыту соңында үміткер тест тапсырып, арнайы сертификат алады. Ықтимал қатысушы оқып жатқанда, ҰКҚ қызметкерлері несие алуға қажетті құжаттарды жинауға көмектеседі. Қаржы институты өтінімді 2 апта қарайды», - деп түсіндірді Ж. Дулатов.

Еске сала кетсек, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі «Шағын несие беруді көбейту» деп аталады. Онда өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беріледі.

2018 жылы Елбасы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады.

Соңғы жаңалықтар