Бес әлеуметтік бастама – бірлік тұғыры

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ассамблеяның тарихы - бұл біздің тұрақтылығымыздың тарихы» деген болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының мiндетi - халық бiрлiгiн нығайту, қазақстандық қоғамның негiзiн қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келiсiмдi қолдау және дамыту, сондай-ақ, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнiң көрiнiстерi мен адамның құқығына, бостандығына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттiк органдарға жәрдемдесу. 

Қазақстандағы этносаралық келісім мен бірлікке қызмет ететін институттың сессиясы жыл сайын өтіп тұрады. Биыл 26-ы мәрте өткізіліп отырған сессияның тақырыбы «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп аталған екен. Президент наурыз айында көтерген бес әлеуметтік бастаманың Ассамблея мінберінде талқылануының да өзіндік мәні бар. Өйткені Ассамблея Елбасы бастамаларын қолдап, халыққа түсіндіріп қана қоймайды, Президент те өз кезегінде Ассамблеяның алдына міндеттер жүктейді. Сондықтан да сессияны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры - әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған. Оның табысты жүзеге асырылуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді бір-біріне деген сенімін арттырады».

Түйіндей айтқанда, алдағы уақытта да Қазақстан бірлік пен ынтымақты, тұрақтылықты ту ете отырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолын жаңғырта түседі.

Ішкі бірлігі мықты мемлекет - қуатты мемлекет

Түркия көсемі Ататүріктің «Үйде тыныш болса, сыртта да тыныш» деп айтқаны бар. Ал Ассамблея осы ішкі бірлікті мығым етуі тиіс. Сессияда Президент Ассамблея тәжірибе жүзінде бейбітшілік пен келісімнің қорғаушысына айналғанын, бүгінде әлеуметтік интеграция факторын қоса отырып, ішкі бірлікті нығайта түсу керектігін атап өтті. «Жаһандық әлемде ел ішінде біртұтас бірлігін сақтап тұрғандар қуатты мемлекет екені жасырын емес. Олардың барлығы бірыңғай теңдікке сүйене отырып, жаңғыруда. Біз де осы жолға түстік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, сонымен бірге «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мәні мен мағынасы осында жатыр. Әлеуметтік бірлік саясаты біртұтас шоғырландырылған бірыңғай ұлттың маңызды қадамы», - деді Елбасы.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастамаға» іргелі себептер бойынша бастамашылық етілгенін атап өтті. Президенттің айтуынша, жаңа ғасырдың екінші онжылдығының  алғашқы сегіз жылына жасалған талдау әлемнің түрлі өңірлерінде кикілжіңдер болып жатқанын көрсеткен. «Бұл жағдай егемен мемлекеттердің ішкі істеріне бөлек елдердің араласуынан туындады. Сонымен қатар басқа да себеп бар, ол әлеуметтік бірілік пен ұлт ішіндегі бірліктің болмауынан орын алуда. Жаһандық әрі өңірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қалыптасқан мемлекет - ол әлеуметтік бірлік тұғырнамасы саналы түрде нығайтылған мемлекеттер. Біздің жаңа бастамалар бәрінен бұрын осыған бағытталған», - деді Мемлекет басшысы.

Жаңа ғасыр демекші Елбасы білімнің жаңа экономикасы, цифрландыру және өндірісті роботтандыру, технологиялық инновациялар - әлеуметтік әрі мәдени капиталдың мүлдем басқа сапасын талап ететінін атап өтті. Сондықтан да еліміздің жаңа әлеуметтік бастамалары жаңа экономиканың дамуына тың серпін береді. «Полиэтникалық мемлекет жағдайында әлеуметтік және ұлттық саясаттар тығыз байланыста. Бес әлеуметтік бастама еліміздің барлық азаматтарына қатысты, осы орайда барша халқымызды дамытуға ықпал етеді», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Президент «Бес әлеуметтік бастаманың» қағидатты тұстарына тоқталды. Елбасының айтуынша, бірінші бастама - үйі жоқтарға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігі мәселесін шешеді.

«Әл-ауқатты өмір сүру бағытында баспананың қаншалықты маңызды екенін білеміз. Осы бағдарламаны сондықтан да бірінші орынға қойдым. Жаңа шарттар бойынша ипотека алу мүмкіндігіне әрбір жұмыс істеп жүрген қазақстандықтың ие болуы аса маңызды. Біз бәрін есептедік. Елу-алпыс шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді алып, ипотека арқылы төлеу үшін екі адам жұмыс істесе отбасының бюджетіне аз жүктеме түседі. Яғни, олар 25 жылға созылған ипотеканы төлей алады. Бұған қоса, алғашқы жарна бұрынғыдай 50 пайыз емес, 20 пайыз болады. Бұл - біздің миллиондаған тұрғындарымыз үшін жасалып отыр. Әсіресе жастар отбасы жұмыс атқарып, осы бағдарлама арқылы баспана ала алады», - деді Мемлекет басшысы.

 

«Бес әлеуметтік бастаманың» бюджеті де бекем

«Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру үшін 2 трлн 600 млрд теңге жұмсау жоспарлануда. Осының өзі мемлекеттің үлкен қадамға барып отырғанын аңеартады. «Бұл - аса ауқымды қаражат. Бұл - біздің азаматтарға және болашаққа салынған салым. Біз азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін осыншама қаражатты жинай алдық. Біздің халық осыны лайықты бағалар деген үміттемін. Осындай саясатты ары қарай жалғастыра береміз», - деді Мемлекет басшысы.

Ең бастысы бастама - азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бес ауқымды әлеуметтік жоба. Сосын Президенттік бастамалардың барлығы да әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру үшін бүкіл қоғамға бағытталған. Сондықтан да, мұндай жалпыұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» партиясымен бірге Ассамблея араласатын болады. Түптеп келгенде осындай әлеуметтік капиталды күшейту Қазақстан болашағын бекемдеуге е септігін тигізеді. «Осы жылдардың ішінде 1300 заманауи медициналық құрылғылармен қамтылған аурухана, емхана мен амбулатория ашылды. Осының арқасында қазақстандықтардың өмір ұзақтығы жақсарып, өлім-жітім азайды, аналарға қолдау көрсетілді. 1545 жаңа мектеп, 500-ден астам балабақша - біздің балалардың болашағына салынған салым. 70 стадион, 36 спорт сарайы, 70 мыңнан астам спорттық алаң ашылды. Бұл - қазақстандықтардың денсаулығы мен балалардың болашағы үшін жасалып жатыр. Музейлердің саны 2,7 есеге, театрлар 1,5 есеге, кітапханалар 4 есеге көбейді. Ешқашан тарихта Қазақстан аумағында осындай қысқа ғана уақыттың ішінде осыншама көп әлеуметтік нысан салынбаған», - деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде осынау әлеуметтік-мәдени және спорттық нысандар елдің барлық азаматтары үшін жұмыс істеп тұрғанын, әрбір қазақстандық өзінің күнделікті еңбегі арқылы ел дамуына өз үлесін қосып жатқанын атап өтті.

«Бұл - прагматикалық шындық. Себебі, әлеуметтік капитал - адам мен қоғамның өсуін мұрындық болатын әлеует. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім бағытында біз ұзақ жолды басып өттік: 600 доллардан 10 мың долларға дейін жеттік. Девальвация болмаған жағдайда біз көрсеткіш одан да жоғары болар еді. Әлеуметтік капиталға инвестицияны арттыруға мүмкіндік беретін база да - осы. Бір ғана мысал: қаңтар айында Бүкіләлемдік экономикалық форумда мемлекеттердің экономика ауқымын бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол - эксклюзивті даму индексі деп аталады. Ол ЖІӨ-нің өсімімен және өзге де 11 параметрмен есептеледі. Осы 11 параметрдің ішінде ең бастысы - әл-ауқатқа маңыз берілді. Міне, дамушы 74 мемлекет енген рейтингте Қазақстан 15-ші орын алды. Менің ойымша, бұл біздің жұмыстың лайықты нәтижесі деген ойдамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Астанада Достық Үйі ашылады

Ассамблея сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында Достық үйін ашуды ұсынды. «Ондай нысандар жергілікті жерде бар. Енді, ондай үйді елордада ашу қажет. Ол үшін мына ғимаратты (Бейбітшілік және келісім сарайы - авт.) оларға беру керек. Себебі үш жылда бір рет Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өтіп тұрады. Биыл IV съезд өтеді. Дегенмен, басқа уақытта осы ғимаратты Достық үйі ретінде пайдалануға болады. Ол барлық республика бойынша Орталық достық үйі болады», - деді Н.Назарбаев. Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-зерттеу орталығы да ашылмақ. «Қазір бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы сұрайды. Оны қалай ұйымдастырдық? Қалай іске асырдық? Міне, осының бәрін зерттеп жазатын бір орталық болуы қажет. Жаңа кітаптарды, жаңа шығармаларды басу керек. Қазақстан халқы Ассамблеясын қалай құрғанымызды бәріне көрсеткен жөн. Сосын, алда әлі көп мақсаттар тұр. Проблемалар да бар. Соның бәрін шешу керек. Қандай мәселелерді ескермедік? Ғылыми-зерттеу орталығы осыны жан-жақты зерттеуі тиіс», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Жиын соңында сессияға қатысушылар Үндеу қабылдады. Онда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» шын мәнінде әлеуметтік жаңғырудың ауқымды бағдарламасы болып табылатындығы айтылады.

«Тәуелсіз Қазақстан әу бастан-ақ әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде құрылды. Бес әлеуметтік бастама осы бағыттың қисынды жалғасы болып, әлеуметтік мемлекет туралы конституциялық норманы жаңа нақты мазмұнмен толтырды. Қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, салықтарды азайту, қосымша білім гранттарын бөлу, студенттерге арналған жатақханаларды жаппай салу, микрокредиттеуді кеңейту және газдандыруды одан ары жалғастыру - бұл азаматтардың өмірі сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізуді мақсат ететін нақты есептелген шаралар», - делінген үндеуде. Сонымен қатар үндеуде осы шаралар топтамасының арқасында экономикалық және қоғамдық прогреске ықпал ететін жағдайлар жасалғаны және ең бастысы әркімнің іс жүзінде әлеуметтік қорғалуы мен тұлғаның өзін-өзі танытатындай  еңбек етіп, өмір сүруіне кепілдік берілетіндігі аталып өтілген.

Соңғы жаңалықтар