Бес адамды Норвегиядағы жұмысқа орналастырмақ болған алаяқ ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Норвегияға жұмысқа орналаспақ болған үш облыс тұрғынының қомақты ақшасын жымқырған көкшетаулық әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, әйел адам зардап шегушілерді «Норвегияның зауыт және фабрикаларына алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге жұмысқа орналасуға көмектесемін» деп сендірген. Ол бұл туралы ғаламторда жарнама орналастырған. Оған 5 адам алданып қалған.

«Күдікті зардап шегушілермен келісімшарт жасасқаннан кейін ақшаны қолма-қол алған және өзінің банк картасына аудартқызған. Сол үшін төлем қағазының көшірмесін талап еткен.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының 38 және 52 жастағы тұрғындары (әйелдер) 430 мың және 300 мың теңге ақша төледі. Ал Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының тұрғыны 41 жастағы әйел шетелге жұмысқа орналасуы үшін 400 мың теңге берді. Сонымен қатар, алаяқ зеренділік 24 жастағы келіншектің 300 мың теңгесін иемденген»,- дейді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.

Ведомстводан атап өткендей, жедел-іздестіру шарасы барысында Көкшетау қаласының тұрғыны 33 жастағы келіншек ұсталды, ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар