Берік Әбдіғали: Қазақстанның киелі орындарын халық анықтайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар мен өлкетанушылардан құралған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасының ауқымды экспедициясы Қазақстанның түрлі аймағындағы тұрғындардан киелі жерлер туралы мәліметтер мен ой-пікірлер жинақтайды. Бұл туралы «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали журналистерге берген сұхбатына айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Киелі жер» мәртебесін мемлекет бекітпейді. Мұны халықтың өзі анықтайды. Егер халық бұл орынды киелі деп санаса, біздің бұйрықтар мен шешімдерсіз-ақ киелі болып саналады. Халық неге бұл орынды киелі деп санайды, не үшін тағзым етеді, міне осыны білуіміз қажет. (...)  Біз әзірге деректер жинауды бастадық. Әр өңірде мұндай орындар саны әр түрлі, бірақ картаға енетін киелі орындардың нақты санын экспедициядан кейін ғана айта аламыз. Экспедиция бір айдан кейін басталады. Жаз соңына қарай, екі-үш айда, нақты цифрды жариялай аламыз. Экспедиция құрамында ғалымдар мен жергілікті өлкетанушылар болады», - деді ол «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының бірінші республикалық форумында.

Айта кетейік, жобаның негізгі операторы болып ҚР Ұлттық музейі бекітілді. Дәл осы музей базасында «Қасиетті Қазақстан» орталығы ашылды. Өз кезегінде мұнда алдыңғы қатарлы ғалымдардың, археологтардың, тарихшы-этнографтардың және өлкентанушылардың қатысуымен сарапшылар тобы құрылды.

«Жалпы бұл жоба бес жылға жоспарланып отыр. Киелі орындар тізімі жыл соңына дейін анықталады. Бірақ осы бағдарламаға сәйкес, бес жыл бойы кітаптар, альбомдар шығарылып, фильмдер түсіріледі,  Қазақстанның киелі орындары тізіміне енген нысандарда туристік бағыттарды дамыту жұмыстары қолға алынады», - деп атап өтті Берік Әбдіғали.

Оның айтуынша, «Қасиетті Қазақстан» - діни жоба емес, таза ғылыми да жоба емес. Бұл Қазақстан тарихында орны бар тұлғалардың, жерлердің тізімін жасау.  Бұл тізімге тас дәуірінен қалған нысандар да енуі мүмкін», - деп түсіндірді ғалым.

Сонымен бірге, ҚР Мәдениет және спот министрлігінің баспасөз қызметі киелі орындарды іріктеу тәртіптерін атап көрсетті.  Киелі орындар тізіміне табиғи ландшафт объектілері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ерекше ардақ тұтатын діни нысандар және тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындар енетін болады.

Сондай-ақ, министрлік Қазақстанның солтүстік, шығыс, батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысына - алты бағыты бойынша ғылыми-зерттеу және дала экспедицияларын жүргізуді жоспарланғанын хабарлады. 

Соңғы жаңалықтар