Березовка ауылындағы оқушылардың улануы: ҚПО газдың кемуі туралы болжамды қате деп атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Березовка ауылында орын алған оқиғанының себеп-салдарын тергеу аясында «Қарашығанақ Петролиум Оперейлинг Б.В» компаниясы ҚР мен Батыс Қазақстан облысының барлық құзыретті мемлекеттік органдарымен тығыз өзара әрекет етуде.

Бұл туралы ҚПО компаниясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазіргі кезде ауруханаға жатқызылған Березов орта мектебінің оқушылары мен мұғалімдерінің көбі үйлеріне қайтарылды, деп атап өтті баспасөз қызметінен. ҚПО тергеу жүргізіп отырған органдарға өндірістік нысандар мен экологиялық мониторинг стансаларынан барлық қажетті мәліметтерді ұсынуда. Компанияда мемлекеттік комиссияның ресми қорытындысын күтуде және бұл тергеу бойынша қандай да бір ұйғарымдарды алған кезде ҚПО оларды өзінің өндірістік қызметіне енгізеді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында осы уақытқа дейін 27 қараша күні жағылған технологиялық газға байланысты түрлі нұсқа тарады. Алайда, дәл осы операция - өндірістік қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін бірден бір шара.

ҚПО-ның өндірістік қондырғыларындағы қайта өңдеу кезінде пайдаланылмайтын артық газ қауіпсіздік үшін факелді қондырғыларға жіберіліп, жағылады. Осыған байланысты жағдай құрамында күкіртті сутек бар газдың таралуынан болды деген болжам қате», делінген хабарламада.

Жалпы алғанда, Қарашығанақ кен орнының және СҚА аумағында 18 автоматтандырылған экологиялық мониторинг стансасы орналасқан. Соның 11-і СҚА периметрі бойынша орналасса, төртеуі СҚА аумағында, біреуі - Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінің қасындағы кен орнында, тағы екеуі - Березовка кентінің маңында.

Қосымша түрде кен орнының аумағында, немесе оның сыртындағы кез келген нүктеде иістің болуы туралы белгілерді елеу үшін екі жылжымалы экологиялық мониторинг стансасы қолданылады. Санитарлық-қорғау аймағы (СҚА) - өнеркәсіп ұйымдарын, өндірістік, коммуналдық және қойма нысандарын жақын жатқан ғимараттар және тұрғын-азаматтық құрылыстарға қолайсыз факторлардың әсерін әлсірету мақсатында бөлетін аумақ. Санитарлық-қорғау аймақтарын өңдеу және орнату тәртібі ҚР Үкіметімен бекітілген «Өндірістік нысандардың санитарлық-қорғау аймағын орнату бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға» сәйкес анықталады. Қарашығанақ кен орнын қоршайтын санитарлық-қорғау аймағы бүгінде 5 шақырым аумақты құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, қараша айының сонында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының тұрғындары естерінен танып жүргені туралы ақпарат пайда болды. Зардап шеккен 19 оқушы мен үш ересек адам Ақсайдағы Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізілді. Жергілікті тұрғындар бұл оқиғаға Қарашығанақ кен орнындағы өндіруден шығатын қалдықтар себеп болуы мүмкін деген пікірде.

Соңғы жаңалықтар