Береке-бірлігі жарасқан Қазақстанның бастамалары әлем елдеріне өнеге-өсиет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес бірлік күні елімізде 1996 жылдан бастап атап өтіледі. Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын да Елбасы көтерген болатын. 1 мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс, яғни бұл дата - бірліктің ерекше мерекесі.

Кез келген мерекенің өз тарихы бар. Сол секілді бірлік күнінің де мерекелер қатарына қосылуының тарихы осыдан бұрынғы оқиғалармен тікелей байланысты.

«Қазақ елі адамдарды нәсіліне қарамай, ешкімді де алаламай, құшағына басып келеді. Қазақ жеріне кезінде тағдырдың жазуымен қадам басқан өзге этнос өкілдері осы «жерұйық» өлкеден бақытын тапты», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы 1 мамырда Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтау сөзінде.

Елбасы елімізде этнос өкілдерінің басын біріктіретін құтты шаңырақ Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақыт аралығында өзінің өміршеңдігін дәлелдегенін атап өтті.

«Біз бір отбасының балаларындай, ортақ Отанның аясында өмір сүріп жатырмыз. Отаны бірдің жүрегі бір, тілегі бір, қаны мен жаны бір. Ел бірлігі деген қасиетті ұғым - Тәуелсіздікті нығайту, тұтастықты сақтау, ұлтты ұйыстыру, мемлекетті өркендету»,- деді Тұңғыш Президент.

Шынымен де еліміз этникааралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде бағалы тәжірибе жинады. Бұл ұғым бүгінгі мерекенің рухына, халықтың рухына сәйкес келеді.

Бұл тұрғыда Елбасы ұлтаралық келісім - бұл кез келген елдің және халықтың жүйке жүйесі екенін атап көрсетті. Сондықтан біздің барлық жетістіктеріміз бейбітшілік пен келісімнің арқасында болып отыр. Әлемде ұлтаралық және дінаралық араздықтың апатты салдарының мысалы жетерлік. Тәуелсіздік жылдары ішінде қалыптастырған мұндай келісім мен бейбітшілік мемлекеттік жұмыстың және біздің бүкіл қоғамның қажырлы еңбегі. Бұл - біз сақтауға тиісті ортақ дәулетіміз.

«Мамырдың 1-і біз үшін шын мәніндегі шынайы бүкілхалықтық салтанатқа, баршамыз үшін қуанышты, сүйікті мерекеге айналды», - деді Н. Назарбаев.

Еске салсақ, 30 жыл бұрын ғана түрлі сарапшылар Орталық Азия, біздің Қазақстан да - жаңа қақтығыс ошақтарына айналатынын болжаған еді. Олар біздің өңірде қантөгіс пен күрес жүріп жатады деп ойласа керек. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқының елімізде этносаралық қарым-қатынастардың келешегіне қатысты деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығарды.

«Олар этнодіни сенім бойынша өзгешелікті алға тартты. Өңірдегі мемлекеттердің болашағы жоқ әрі тарих табанында қалады деп сенімді түрде болжам жасады. Бірақ, тәуелсіздік жылдары біз - Қазақстан халқы бұл деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығардық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында.

Атап айтқанда, қазақ халқының даналығы, кеңдігі этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, мемлекетте барша азаматының ұйысуына себепші болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделгенін қадап айтты.

ҚХА алдында жаңа міндеттер тұр

2021 жылдың 28 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтіп, ҚХА Төрағасы лауазымы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырылды.

Елбасы Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келе жатқанын айтқан еді. Елімізді біріктіретін, әрқайсысының пікірін тыңдайтын үлкен мінбе болып саналады.

Осы жылдар ішінде халықтың татулығы, бақуат әрі үйлесімді өмірі, еліміздің қауіпсіздігі, тұрақтылық пен тыныштық басты орында болды. Бұл тұрғыда 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосқан үлесі қомақты.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарларды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.

Мемлекет басшысы Ассамблеяны басқару өте жауапты жұмыс екенін, сондықтан, осы міндетті жауапкершілікпен атқаратынын қадап айтты.

«Ассамблея – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым. Басқа мемлекеттер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастады. Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «Береке басы – бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс», - деді Қ. Тоқаев.

Президент қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассамблея халықтың талап-тілектерін орындауға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі керектігін айтты.

«Баршамызға ортақ жұмыстың басты бағдары дәл осындай болуға тиіс. Біз бәріміз бірлік пен ынтымақтың арқасында жасампаз ұлт болып, алдымызда тұрған тарихи мақсаттарға қол жеткіземіз. Баршаңызды алда келе жатқан Қазақстан халқының Бірлігі күнімен құттықтаймын!», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар