Bereke Bank инвестор іздеп жатыр

None
Фото: forbes.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Bereke Bank акциялары қашан сатылады деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірге жағдай мынадай – 8 наурызда біз оны SDN парағынан шығардық. Қазір оның көрсеткіштері жақсы, капиталдың жеткіліктігі – 10%. Енді банктің акционері саналатын «Бәйтерек» (ұлттық басқарушы холдинг) Bereke Bank акциясын сату үшін инвестор іздеу жұмысын бастайды», - деді Мәдина Әбілқасымова VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының отырысынан кейін журналистерге.

Агенттік басшысы Bereke Bank үшін бюджет қаражаты пайдаланылмағанын айтты.

«Ең алдымен банктің қаражаты пайдаланылды. Bereke Bank сатып алу үшін бюджет қаражатының бір тиыны да жұмсалмаған. Сондай-ақ мемлекеттік көмек көрсетілмеді», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы қазіргі уақытта банктің әлеуетті сатып алушылары бар ма деген сұраққа да жауап берді.

«Әзірге жоқ. Бізге «Бәйтерек» әлі ақпарат берген жоқ. Олар бұл жұмысты енді бастады», - деп түсіндірді агенттік төрағасы.


Соңғы жаңалықтар