Бердібек Сапарбаев жедел жәрдем қызметіне: Ауру мен ата-ананы кінәлауды қойыңдар

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Бүгін кешкісін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кеңес өткізіп, жедел жәрдем қызметінің жұмысымен танысты. Онда жіберілген қателіктер үшін науқастар мен ата-ананы кінәлауды тоқтатуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы уақытта ақтөбеліктер жедел жәрдем қызметіне көңілі толмай, дәрігерлерге жиі шағымдануда. Бүгінгі жиында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев емханалардың бас дәрігерлерімен, жедел жәрдем қызметінің басшылығымен кездесті.

«Өткен жылы Ақтөбеде жаңа Жедел жәрдем орталығы пайдалануға берілді. Орталық ашылған соң халықтың тұрмысы, денсаулығы қалай өзгерді? Орталықтан пайда бар ма, жоқ па? Кейінгі кездегі әлеуметтік желі, баспасөзді сараласақ, пайдасы шамалы болып тұр. Өйткені тұрғындардан шағым көбейді. Бір айтарым, ауру, ата-ана кінәлі деген сөзді алып тастау керек. Баласы ауырып, өлейін деп жатса, ата-ананың жағдайы қалай болуы керек? Біз соны неге түсінбейміз? Дұрыс айтпады, ақпаратты дұрыс бермеді деп ақталуға болмайды. Қабылдап, бригада жіберу керек. Басқа жұмыс жоқ», - деді облыс әкімі.

null

Айта кетейік, биылғы 7 қарашада Ақтөбенің «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында жедел жәрдем жеткенше 7 жастағы бала үйінде көз жұмды.

Кейін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өз қателігін мойындап, жедел жәрдем көлігі 49 минутта барғанын растады.

«Кемшіліктер бар. Жұмыс дұрыс атқарылуы үшін бірнеше өзгеріс қолға алынды. Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері жұмысынан кетіп, жаңасы тағайындалды. Проблемалық сұрақтарға келер болсақ, қала аумағы өсті. Саяжай аумағы тұрғын үй массивіне айналып, мекенжай анықтау қиынға соқты. Қала әкімдігімен жұмыс жүріп жатыр. Түрік инвесторларымен келісімшартқа қол қойған кезде шағын станциялар салу жоспары болды. Қазір тек басты жедел жәрдем станциясы бар. «Нұр Ақтөбе» ауданына шағын станция салу керек. Қалалық әкімдіктен 60 шаршы метр көлемінде орын сұрап отырмыз», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

null

Айта кетейік, 2019 жылдан бастап жедел жәрдем қызметінің нормативтері өзгеріп, шақыру төрт категорияға бөлінетін болады. Соның ішінде, созылмалы аурулар бойынша төртінші категория емханаларға беріледі. 20 қараша күні Ақтөбеде бұл істі бір жүйеге келтіру жұмыстары басталды. Яғни, емханаларда күндіз жұмыс істейтін бригада ашылды. Қазіргі кезде дәрігерлер таңғы сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін шақыруға барып жүр. Жедел жәрдем қызметіне қосымша 25 фельдшерді жұмысқа қабылдау үшін біліктілікті арттыру жұмыстары жүргізілуде. Егер төртінші категорияға үздіксіз қызмет көрсететін арнайы бригада ашылатын болса, норматив бойынша 10 мың тұрғынға шаққанда 1 көлік қажет болады. Жиын кезінде Әсет Қалиев емхана деңгейінде тағы 20 көлік сұрады.

Соңғы жаңалықтар